Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сауда, инвестиция, бірлескен жобалар: Қазақстан мен Ресей экономикасын не байланыстырады

21 Қараша 2025, 18:00
922
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
VIDEO
Фото: BAQ.KZ коллажы

Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары өткені белгілі. Сапар аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізіліп, Путинмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Ресей бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі.

Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономикалық шолу” жобасында екі ел арасындағы тауар айналымы қазірдің өзінде 28 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мақсат болашақта осы көрсеткішті 30 миллиард долларға жеткізу. Осы бағытта нақты және жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Сарапшының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларға тең болды.

Ал жалпы алғанда, Қазақстан экономикасына құйылған ресейлік инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асып түскен. Өз кезегінде, қазақстандық бизнес те көрші елге белсенді қаржы салып келеді. Ресейге салынған қазақстандық инвестиция көлемі 9 миллиард долларға жуықтады. Өнеркәсіптік кооперация – екіжақты серіктестіктің ең айқын көрінісі.

Қазірдің өзінде жалпы құны 48,2 миллиард долларды құрайтын 171 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл – 44 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған орасан ауқымдағы серіктестік. Оның ішінде 105 жоба толық іске қосылған, 40-ы жұмыс үстінде, ал 31 жоба дайындық кезеңінде тұр.

Жалпы енді Қазақстан мен Ресей арасындағы ірі экономикалық байланыстың ішкі құрылымына үңіліп көрсек. Ол үшін соңғы бес жылдағы динамиканы, яғни 2020–2025 жылдарды алып талқылаймыз. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы соңғы бес жылда қарқынды өсіп, рекордтық деңгейлерге жетті. 2021 жылы екі елдің өзара сауда көлемі 25,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 2020 жылға қарағанда 34%-ға өсім көрсетті. Ал 2022 жылы сауда айналымы бұл деңгейден де асып, 26,1 млрд долларға жетті, яғни 2021 жылмен салыстырғанда 6,1% жоғары болды, - дейді Айбар Олжай.

2023 жылы өсім қарқыны біршама баяулап, шамамен 3,7% қосылған. 2023 жылы тауар айналымы шамамен 27 млрд долларға жуықтады.

Ал 2024 жылы өзара сауда көлемі тағы ұлғайып, 28 млрд АҚШ долларына жетті, бұл алдыңғы жыл көрсеткішінен 3%-ға артық нәтиже. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 20%-ын құрап, Қытаймен бірге негізгі сауда серіктесі болып отыр. 2025 жылдың 8 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 17 млрд долларға жетті. Демек, жыл соңында тағы да жоғары көрсеткіш күтуге негіз болады. Сарапшы: "Біз 28 миллиард долларлық рекордты жаңарта аламыз ба?" деген сұраққа жауап іздейді.

Өзгелердің жаңалығы