Сауд Арабиясы Йемен Президенттік кеңесінің төрағасы Рашид әл-Алимидің үкіметіне 368 млн доллар шамасында қаржылай көмек беретінін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, қаражат Йеменді дамыту және қалпына келтіру бағдарламасы аясында бөлінеді және елдің экономикалық дамуын қолдауға бағытталмақ. Жалпы сомасы 1,38 млрд риялды құрайды (шамамен 368 млн доллар).
Бұл шешім король Салман ибн Абдулазиздің тапсырмасымен және мұрагер ханзада Мұхаммед ибн Салманның ұсынысымен, Йемендегі ауыр экономикалық жағдайды ескере отырып қабылданған. Қаржы денсаулық сақтау, мемлекеттік бюджет және мұнай саласына жұмсалады.
Көмек Йемен президенті әл-Алимидің өтініші бойынша көрсетіліп отыр және Сауд Арабиясының ресми Сана үкіметіне жасаған қолдауының бір бөлігі болып cаналады.
Айта кетсек, 2014 жылдың қыркүйегінен бері Йемен астанасы Сана мен бірнеше өңірді Иран қолдайтын хуситтер бақылауда ұстап келеді. Ал 2015 жылдың наурызынан бастап Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемен үкіметіне хуситтерге қарсы күресте көмек көрсетуде.
Йемен – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Он жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыс салдарынан елде ауқымды гуманитарлық дағдарыс туындады. БҰҰ дерегінше, 30 миллион халқы бар елдің 22 миллионынан астамы гуманитарлық көмек пен қорғауға мұқтаж. Таза ауызсу тапшылығы, аштық және дәрі-дәрмек жетіспеушілігі тырысқақ секілді жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп отыр.