2025 жылы Сауд Арабиясында өлім жазасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір жыл ішінде 356 адамға қатысты ең жоғары жаза орындалған, деп хабарлайды BAQ.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, бұл көрсеткіш Сауд Арабиясындағы бір жылдағы өлім жазасының ең жоғары саны ретінде тіркелді. Сарапшылар өлім жазасының күрт артуын биліктің «есірткіге қарсы соғыс» саясатының күшеюімен байланыстырады. Аталған санат бойынша 243 адам өлім жазасына кесілген.
Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы Сауд Арабиясында 338 адамға қатысты өлім жазасы орындалған.
Бұған дейін The Guardian газеті АҚШ-та да 2025 жылы соңғы 16 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелгенін хабарлаған еді. Америка Құрама Штаттарында бір жыл ішінде 47 адам өлім жазасына кесілген, олардың барлығы ер адамдар болған.