Астана, BAQ.KZ. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Алматы облысына жасаған сапарында Қорғас көлік-логистикалық хабының нысандарында болды. Нысандар Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін жүктердің контейнерлік легінің оң өсім динамикасын қамтамасыз етіп, қазақстандық транзиттің өсу нүктесінің бірі болып отыр.
Бұл үрдіс 2019 жылы қарқын ала түспек. ҚТЖ басшысы Қорғас қаласында Үрімжі темір жолының (ҚХР) жетекшісі Чэн Минмен болған кездесуінде күн санап артып келе жатқан жүк легін жедел өткізуге жағдай жасау мен ынтымақтастықты нығайту туралы мәселе талқылады.
Заманауи инфрақұрылымдар мен енгізілген озық технологиялар ұлғайып келе жатқан лекті игеруге, лайықты қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2018 жылы құрғақ портта тиелген контейнерлер көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 39% артқан.
Сауат Мыңбаев басшылардың баяндамаларын тыңдап, биылғы жылы инвестициялық көлік-логистикалық жобалардың қаржылық тұрақтылығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысқан жиын барысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен «Қорғас» ХШЫО нысандарын облыс әкімдігінің басқаруына беру туралы мәселе көтеріліп, сол сияқты осы шешімге қатысты одан арғы шаралар белгіленді.