Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр ма

5 Маусым 2023, 21:28
805
Бөлісу:
Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр ма

Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының қамауда отырған кезінде 6 млрд теңгеге сатып алу-сату мәмілесін жасағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қонақ үй мемлекетке өтіп кетсе, Америка франшизаны тартып алады, біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар қайда барып жұмыс істейміз, қайтіп күн көреміз» деп көз жасына ерік берген Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайттым. Қонақ үйді өз күшімен он жылға жуық уақыт салған заңды иесі Шолпан Каранеева ғимаратты Қайрат Сатыбалдының рейдерлік жолмен тартып алғанын 2020 жылы-ақ ашық айтып, “азаттық” сияқты талай ақпарат құралдарына сұхбат берген, - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутат  «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 млрд теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-не сатып жібергенін айтады.

Мына сұмдықты қараңыздар! «АБЛИ Құрылыс»  компаниясының құрылтайшысы Шолпан Каранеева былай дейді «Осыдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақ үйін салған. Құрылысты аяқтау үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-на қонақ үйді кепілге қойып 4 млрд 200 млн теңге сомасында қарыз алған. Короновирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақ үйі қызметін уақытша тоқтатқан. Сол кезде президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақ үйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 млрд теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-не сатып жіберген», - дейді Мақсат Толықбай.

Шолпан Каранеева «Байдала» компаниясының артында Қайрат Сатыбалды тұр, рейдерлік басып алу әрекеті деп аппелациялық сотқа шағымданғанымен нәтиже шықпаған.

Қайрат Сатыбалды ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақ үйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы «Біз «Байдала» ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді, іс әлі қаралып жатыр ғой?!» деп арыз түсіргеннен кейін Қайрат пен «Байдала» арасында тез арада келісім-шарт (договор купли-продажи) жасалады. Түрмеде! Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр?! Бұл жерде де заңсыздық көп. «Ендігі схема былай: қонақ үйді Қайрат Сатыбалдының атынан мемлекеттік активке өткізіп жіберіп, арзан бағада аукцион арқылы өз аттарына аударып алғысы келетін басқа мүдделі топтар қатты жұмыс істеп жатыр. Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр» дейді шағымданушы. Осы орайда біз шын мәнінде Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, осындай заңды бизнесін әлдекімдер көпе-көрнеу тартып алған тұлғалардың да зары мен мұңына құлақ түріп, көңіл бөлуіміз керек шығар. Жәбірленуші тараптың сұрайтыны бір-ақ нәрсе: құзырлы органдар істі әділ қараса екен, - деді Толықбай.

Ол  шағымданушылардың арызы Антикор мен Бас прокурорға жолданғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы