Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға өңірдегі әлеуметтік нысандардағы температуралық режимнің сақталуы және ойын алаңшаларының жай-күйі жайлы баяндалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі әлеуметтік нысандардағы жылыту маусымының өтуі бойынша ішінара тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Облыс басшысы олқылықтарды реттеуге бір апта уақыт берді.
Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы қатаң бақылауда болуы керек. Әрбір мекеме басшысы өзі басшылық жасайтын мекеме орналасқан ғимараттың сапасын, қысқа дайындығын қадағалап, кемшіліктер болса, жоюға күш салуы тиіс. Жауапты басқармаларға өздеріне тиесілі нысандарды ретке келтіруді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Түркістан қаласы, Созақ, Сайрам, Қазығұрт, Мақтаарал аудандарындағы білім нысандарының жылу сапасы бойынша ішінара олқылықтар табылған. Сайрам, Бәйдібек ауданындағы әлеуметтік нысандар бойынша да мәселелер бар. Бұдан бөлек, бюджет есебінен салынған балалар және спорт алаңшыларының сапасыз құрылысы да аппараттың апталық отырысында талқыланып, облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.