Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға төмендеген болатын. Енді 2021 жылы Қазақстан экономикасында өсу байқала ма, әлде тағы құлдырай ма? Теңге бағамына қатысты қандай болжамдар бар? Осы екі сұрақты тұрақты сарапшымыз - GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халыққа қойған едік.
Сайлаудан кейін Ұлттық экономика министрі ауысты. Бұған дейін басқарған Руслан Дәленов кетіп, оның орынбасары болған Әсет Ерғалиев министрдің орынтағына жайғасты. Былтыр экономикамыздың пандемиядан ес жия алмай, сансыз локдаундардан шағын және орта бизнестің тұралап қалғаны белгілі. Ал биыл қалай болмақ? Экономист өз мысалын келтірді.
2021 жылға байланысты нақты болжамдарға шолу жасасақ, ҚР Ұлттық экономика министрлігі экономикалық өсім 2,8 пайыз болады деп отыр. Ал Ұлттық банк оптимистік көзқараста. Олардың болжамы - 3,7-4 пайыз. Егер Дүниежүзілік банк, халықаралық ұйымдардың рейтингтеріне қарайтын болсақ, былтырғы жылы нақтырақ келгені Халықаралық валюта қорының болжамы болды. Алғашында Қазақстан экономикасы - минус 2,5 пайызға дейін құлдырайды деген. Шілде айында болжамдарын қайта өзгертіп, - минус 2,7 пайыз болады деді. Енді қарасақ, 2020 жылы - минус 2,6 пайыз болды. Яғни екі болжамның ортасы. Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан экономикасында өсім болады деп отыр. Болжамдары - 3,3 пайыз, - дейді Мақсат Халық.
Жақында сонымен қатар Дүниежүзілік банк 2021-2020 жылға арналған экономикалық жаңа болжамын жариялаған. Қазақстан секілді посткеңестік елдердің экономикасы бар-жоғы 3,3 пайызға өсіп, «пандемиядан әрең ес жияды» делінген.
Дүниежүзілік банк болжамынша, Қазақстанда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 2021 жылы 2,5 пайызға ғана өседі. Бұл Ұлттық экономика министрлігінің болжамымен салыстырғанда сәл төмен. Өзгелеріне тоқталсақ, Еуропалық қайта құру және даму банкі - 3 %, Азия даму банкі - 3,4 %. Шамамен қарасақ, Қазақстан экономикасында «тірілу» басталады. Әрине, жеке көзқарасым бойынша мемлекеттің кризиске қатысты іс-шаралары сәтті жүзеге асса, өсім 3 пайыз көлемінде болады,- дейді экономист.Ол бұл ретте былтырғы жылы пандемиямен күреске, коронадағдарысқа 6 трлн көлемінде ақша жұмылдырғанын айта кетті.
Оның ішінде Ұлттық қордан аударылған ақшаның көлемі - 4,7 трлн теңге. Шыңдап келгенде ондай қоры бар мемлекеттер өте аз. Сол қорымыздың арқасында ғана біз өте үлкен көлемде экономикалық қолдау көрсеттік. Жалпы ішкі өнім шаққанда 9 пайыз болды. Көптеген елде мұндай қолдау ЖІӨ үлесіне шаққанда 2,3 % ғана. Бірақ сондай қолдауға қарамастан экономикамыз минус, өткен жылды минус 2,6 пайыздық құлдыраумен аяқтадық. Негізгі мәселе Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, тактикалық нақты жұмыс істеуінде болып отыр. Әрине, Ұлттық банктің негізі міндеті инфляциялық таргеттеу саясаты, инфляцияның деңгейін түсіру, қоғамдағы осы ақшаның құнын арттыру болып табылады,- дейді сарапшы.
Тышқан жылы пандемия, карантин, төтенше жағдаймен ғана емес, ұлттық валютаның құнсыздануымен де есте қалды. Мысалы, 2020 жылдың басында 1 доллар 378 теңгені құраса, 16 наурызда валюта бағамы 440 теңгеге дейін жетті. Енді 2021 жылда оңай болмауы мүмкін. АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденнің мұнайға сұранысты төмендетіп, жасыл экономика көздеріне инвестиция салатыны сынды мәлімдемелері ұлттық валютамыздың құнсыздануына тікелей әсер етуі ықтимал. Сосын 3,5 жылға сотталған Ресей оппозиционері Алексей Навальныйға байланысты батыс елдерінің санкцияларының күшейуі де жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін.
Теңгенің бағамына тоқталсақ, ол бірнеше факторға байланысты. Былтырғы жылы қатты әсер еткен жағдай - мұнай бағасының күрт төмендеуі. 20 долларға дейін төмендеп, Үкімет үшін «шок» жағдай болды. Әрине, мұнай 30 доллардан төмен болуы «шок» болуға әкелетіні түсінікті. Өйткені амалсыздан бюджет шығындарын қайта қарастыруға тура келеді. Жалпы, 40 доллардан төмен болудың өзі теңгемізге салмақ түсіреді,- дейді Мақсат Халық.
Оның айтуынша, қазір мұнай бағасының тұрақтала басталған тенденциясы байқалады.
Бірақ әлемде коронавирустың екінші штаммының пайда болуы - соған байланысты қатты карантиндік шаралардың күшейуі, Еуропадағыдағы жағдайлар қайтадан кері әсер етіп кетуі мүмкін. Оның үстіне, АҚШ президенті Джо Байден сайлау алдындағы бағдарламасында «мұнай дәуірін аяқтаймын» дегені бар. Мұнай орындарының бәрін жабамын, альтернативтік балама көздеріне көшеміз деген сөздерін естідік. Егер ол іске кіріссе, мұнай бағасы тағы құлдырауы мүмкін, - дейді сарапшы.
Мақсат Халық та көрші Ресейге де көп нәрсе байланысты болып отырғанын айтып өтті. Ресейге батыстың салып жатқан санкциялары одақтас мүшелеріне де әсер етеді.
Ресей рублі құнсызданса, теңге де белгілі дәрежеде реттеледі. Ол түсінікті. Өйткені Ресей тауарларының алдында бәсекеге сай болу үшін теңгеміздің соған сай болғаны керек. Ал қазір көріп отырмыз, Навальныйдың төңірегінде болып жатқан жағдайлар - батыстың Ресейге деген санкциялық қысымдарды арттыратыны анық. Ондай кезде Ресей экономикасы нашарлайды, Еуразиялық одаққа мүше елдердің жағдайына кері әсер етеді. Жалпы, 5 жылдан бері осы одақтан ешқандай пайда көріп жатқанымыз жоқ. Сатқанымыздан сатып алғанымыз көп,- дейді экономист.
Ол мұнай нарығы тұрақталса, жағымды жаңалықтар болар еді деп отыр.
Осы жағынан келгенде рубльдің құнсыздануынан теңге де әлсіреуі мүмкін. Осындай сценарийлер күтіледі. Дегенмен, мұнай нарығы тұрақталса, әлемдік экономика жанданса (оның ішінде Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ экономикасы) онда шикізатқа сұраныс артуы мүмкін. Егер мұнай бағасы 60 доллардан көтерілсе, экономикамыз да ілгері басар еді,- дейді Мақсат Халық.