Сәтбаев қаласында 15-16 ақпан күндері қоян-қолтық ұрыстан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Жарыстың басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстың әр өңірінен келген 150-ден астам спортшы өзара мықтыны анықтау үшін татамиге шықты. Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған облыстық gолиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов жастарды спортпен айналысуға, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Жастар – елдің болашағы. Олардың дені сау, рухы мықты болып өсуі – біздің ортақ міндетіміз. Спорт – тек денсаулықтың ғана емес, есірткіге қарсы тұра білудің де кепілі, – деді Ерлан Оспанов.
Жарыс жоғары деңгейде өтіп, спортшылар өздерінің шеберліктерін паш етті. Тартысты бәсеке нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табыс етілді.
Чемпионатты ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына оң ықпал етеді.