Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының «Сарышаған» полигонында Қазақстан мен Ресейдің зымыран әскерлері және артиллерия бөлімшелері бірлескен оқу-жаттығуының маңызды бөлімі өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы шешуші кезеңде бөлімшелер бес жауынгерлік зымыранды іске қосуды жүзеге асырды.
Төрт ұшыруды қазақстандық әскердің зымырандық құрылымы жүргізді. Шартты қарсыласқа соққыны «Точка-У» тактикалық есептоптық кешені мен «Смерчь» дүркіретіп ату зымырандық жүйесі жасады. Ресей әскерінің зымыран құрылымын «Искандер» баллистикалық жедел-тактикалық зымыраны бір ұшыруды жүзеге асырады.
Оқу-жаттығуға Қазақстан Қарулы Күштері зымыран құрылымдарынан басқа, «Vaisala» метеорологиялық станциясының есептобы, «Ирбис» тасымалданатын спутниктік кешені, «Sky-Lark» және «Wing Loong» ұшақсыз ұшу аппараттары тартылды. Ресей армиясы Орталық әскери округі мен зымыран бригадасының жедел тобы, «Искандер» зымыран дивизионының бастапқы батареясы мен штабы, «Панцирь-С» зениттік зымыран-зеңбірек кешенінің батареясын ұсынды.
"Біртіндеп дамыған жауынгерлік жағдайдағы оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрды. Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша тәжірибелік іс-қимылдар келесі жағдайларда өтті: заңсыз қаруланған құралым аймақ қауіпсіздігіне төнген қауіптен еліміздің шекара аумағындағы өз қызметін бастады.Бірінші кезеңде бөлімшелер жауынгерлік әзірлікке келтіру және жауынгерлік арналым ауданына бригаданың қозғауын ұйымдастыру мәселелері пысықталды.Екінші кезеңде жеке құрамның бірлескен топтамасын ұйымдастыру мәселелері пысықталды. Үшінші шешуші кезеңде зымыран соққыларын басқару және барлау атыс іс-қиымлдарын жүргізуге қатысты мәселелер қарастырылды", - делінген хабарламада.
ҚР ҚК Құрлық әскерлері Зымыран әскерлері және артиллерия қолбасшысы полковник Асқар Жоламанов оқу-жаттығу барысында бөлім мен бөлімшелерде жауынгерлік үйлесімділік пен далалық машық жетілдіріліп, сондай-ақ жауынгерлік қимылды бастау мен дайындық бойынша командирлер мен штабтың тәжірбиелік дағдылары шыңдалады деп атап өтті.