Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жолда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Бүгiн, 12:10
121
Бөлісу:
Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жолда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісу облысында Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі республикалық маңыздағы жолдың учаскелерінде ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жолда көлік легі, соның ішінде жүк көліктері айтарлықтай көп жүретіндіктен, жолдың жөндеу жұмыстарына дейінгі қанағаттанарлықсыз жағдайы халықты алаңдатып, қозғалыс кезінде қолайсыздық тудырған еді. 

Осы ретте «Жаркент - Қорғас» автожолының 32 шақырымына жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстары биылғы қазан айында жасалып бітеді деп межеленіп отыр. Жоспар бойынша бұл жоба 2025 жылы аяқталуы тиіс болатын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, өткен жылы «Сарыөзек – Көктал» және «Көктал – Жаркент» автолының жалпы ұзындығы 81 шақырымдық учаскелеріне күрделі және орташа жөндеу жүргізілген.

Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жолда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Қазіргі кезде «Жаркент - Қорғас» автожолының 328-ден 360 шақырымына дейінгі учаскесіне асфальт төселуде. Жобаның құны - 3 млрд теңге. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстарына 56 жұмысшы, 45 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар биыл «Айдарлы - Көктал» жолының 15 шақырым болатын учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталады. Осылайша республикалық жол желісінің орташа жөндеу жұмыстарының аясында облыстың Айдарлы, Көктал, Жаркент, Қорғас елді мекендері қамтылып отыр.

Жетісу облысында жол құрылысының ауқымы артып келеді. Бұл инфрақұрылымдық жұмыстар өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамытуға жаңа серпін береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасалған іс-шаралар жоспарына орай биыл және келесі жылы 167 шақырым болатын «Сарыөзек – Көктал» және «Алматы – Көкпек - Көктал – Қорғас» автожолдарында жалпы сомасы 18 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жуық арада Сарыөзек пен Көктал, сондай-ақ Айдарлы мен Көктал елді мекендері арасындағы жолдың бірнеше учаскелерінде күрделі және орташа жөндеуді жалғастыру жоспарланып отыр. Тағы бір жобада автожолдың еңіс бөлігін қалпына келтіру мен Көнбе өзені арқылы көпір салу көзделген, - дейді Ж. Қалтаев.

Өзгелердің жаңалығы