«Сарыарқа» хоккей клубы Жоғары хоккей лигасының чемпионы болды

25 Сәуір 2019, 10:36
2783
Бөлісу:
«Сарыарқа» хоккей клубы Жоғары хоккей лигасының чемпионы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петров Кубогының финалдық сериясында қарағандылықтар түмендік «Рубин» командасын 4-1 есебімен жеңді. 24 сәуірде өткен соңғы матчта «Сарыарқа» сапында Артур Сарваров, Эмиль Нұрғалиев, Олег Ломако және Максим Кицын шайба соқты. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Біз ауыр жолды өткердік, бұл жеңіс бізге оңай тимеді. Шынымды айтсам, төрт айдың ішінде осындай жігерлі команда құрып, стереотиптерді сындыра аламыз деп ойламадым», - деді қарағандылық клубтың жаттықтырушысы Леонид Тамбиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол ойыншылар мен жанкүйерлерге сенім артқаны үшін алғысын білдірді.

«Сарыарқаның» қақпашысы Эдуард Рейзвих Жоғары хоккей лигасының плей-офф кезеңінің ең құнды ойыншысы деп танылды.

«Сарыарқа» екінші мәрте ЖХЛ чемпионы атанып отыр. 2013/14 маусымында шешуші серияда біздің хоккейшілеріміз тағы да осы «Рубин» командасын жеңген болатын.

Ағымдағы маусымның плей-офф кезеңінде «Сарыарқа» тұрақты чемпионатта оныншы орыннан көтерілді. Жоғары хоккей лигасының осы маусымында Ресей, Қазақстан және Қытайдан жиналған 29 клуб өнер көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы