Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен елорда әкімі Алтай Көлгінов "Сарыарқа" газ құбырын дәнекерлеу рәсіміне қатысты. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061,3 км құрайды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырды.Салтанатты рәсім барысында Ахметжан Есімов құрылысқа оң баға беріп, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етудің, көмірден жылу беру нысандарын газға көшірудің, сондай-ақ газ құбыры өтетін облыстардың экологиясын жақсартудың маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында салынған газ құбыры еліміздің орталық аймағы мен елорданы ортақ газ тасымалдау желісімен байланыстырды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба және ол бір жылдан аз уақыт ішінде орындалды", - деді Ахметжан Есімов.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті-қала ішінде газ өткізу. Жобаның бірінші кезегі ЖЭО-1,2,3, Көктал-1,2, Железнодорожный кенті, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол) дейін газ тарату желілеріне газ беруді көздейді. 1 кезең аяқталған соң 13,5 мың үйдің тұрғындары газға қол жеткізе алады. Жобаның екінші кезегіне сәйкес Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3 ПК), Пригородный, Garden Village, Family Village (4 ПК) елді-мекендері газбен қамтылады. Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші ДК), Шұбар (3-ші ДК), Өндіріс (4-ші ДК) елді-мекендері газдандырылады.
Газ тарату желілері көше желісі бойынша жүргізіледі. Жеке сектордың тұрғындары өздері көше желісінен үйлерге тікелей газ қоса алады. Қалаға газ өткізу нәтижесінде қаладағы зиянды шығарындылар 6 есеге, қатты заттар 40 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.