«Сарыағаш-Мақтаарал» бағытында темір жол салынады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында Үкімет тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылған. Олар қазіргі таңда өңірде тиісті жұмыстарын атқаруда. Біздің тарапымыздан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр, - деді Арман Айдарұлы.
Аудан басшысының айтуынша, биыл 9 айдың қорытындысымен негізгі капиталға көлемі 25,7 млн теңге инвестиция бағытталған. 2023 жылдың қорытындысымен инвестиция көлемін 26,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 9 айда 92,7 млрд. теңгеге жетсе, жыл қорытындысымен 128,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Ал аталған салаға салынған инвестиция көлемі биыл 6,7 млрд. теңгені құрамақ.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша орталықтандырылған ауыз сумен аудандағы 68 елді мекеннің 61,8 пайызы қамтылған. Ал табиғи газды аудан халқының 76,1 пайызы пайдаланып отыр. Сондай-ақ, аймақтағы жолдардың қанағатты үлесі жыл қорытындысымен 66%-ға жетпек. Бұдан бөлек, ауданда биыл 9 айда 38 150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деді аудан басшысы.