Түркістан облысы, BAQ.KZ. 2025 жылға дейін Түркістан облысында 10 медициналық нысан салынады. Аталған объектілердің құрылысы облыстың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының аясында қарастырылған.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары шеңберінде салынатын денсаулық сақтау нысандарының басым бөлігі өңір орталығы Түркістан қаласында бой көтермек.
Түркістанда 2025 жылға дейін 570 орынға шақталған облыстық көпбейінді аурухана, 190 орындық облыстық балалар ауруханасы, бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін қалалық емхана, облыстағы медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін симуляциялық орталық, 300 келушіге арналған стоматологиялық орталық, 25 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясы, H.H. Sheikh Mohamed Bin Zayed Al Nahyan қорының қаражатына Ана мен бала орталығы пайдалануға беріледі. Қалған 3 нысан Арыс және Сарыағаш қалаларында бой көтермек. Облыста салынатын медициналық нысандардың көбін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында және жеке инвестициялар есебінен салу көзделген. Мәселен облыс тұрғындары мен қонақтарына халықаралық деңгейде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін көпбейінді аурухана жобасын МЖӘ аясында «YDA» компаниясы жүзеге асырады. Аурухана 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал құрылысы басталып кеткен жедел жәрдем станциясы жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр, - деп мәлімдеді басқарма өкілдері.Облыс дәрігерлерінің білімін жетілдіруге арналған симуляциялық орталық та жеке инвестициялар есебінен салынбақ. Бірегей орталық Түркістанда 2024 жылдан бастап жұмыс істейтін болады.
Бұл орталықта дәрігерлер белгілі бір клиникалық жағдайларда қабылданатын практикалық дағдыларды пысықтай алады. Орталық түрлі заманауи медициналық құралдармен, модельдермен, виртуалды симуляторлармен жабдықталады. Жабдықтардың барлығы процестер мен жағдайды, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің басқа да кәсіби аспектілерін дұрыс бағалауға әрі модельдеуге мүмкіндік береді, - дейді басқарма мамандары.Ал облыстық балалар ауруханасының құрылысы бюджет қаражатына жүргізілмек. 190 орынға лайықталған жаңа ғимаратты 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
2014 жылы салынған облыстық балалар ауруханасының ғимараты санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді. Бірақ оның құрамында хирургиялық бейіндегі мамандандырылған бөлімшелері, консультативтік-диагностикалық емханасы, диагностикалық бөлімшесі жоқ. Ал Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының аясында бой көтеретін ауруханада бұл бөлімшелердің барлығы қарастырылған, - деп түсіндірді облыс әкімдігінің қоғамдық денсаулық басқармасы.Бұдан бөлек кешенді жоспар аясында Түркістан облысының туу көрсеткіші жоғары аудандарында тұратын болашақ аналарды тиісті деңгейдегі медициналық көмекпен қамту мақсатында Сарыағашта 240 орындық перинаталдық орталық ашылады. Мұнда Сарыағаш ауданында тұратын әйелдерге ғана емес, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданында тұратын әйелдерге де қызмет көрсетілетін болады.
Өңір әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, тұтастай алғанда бұл аудандардағы тұрғындардың саны 723 мыңан асады. Бұл облыстағы жалпы халық санының 35%-ын құрайды. Мұнымен қоса, өңірдегі туу деңгейінің 36% аталған аудандар құрайды.
Сонымен қатар Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, Арыс және Сарыағаш қалаларында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын екі типтік емхананы салу жоспарланған.
ҚР Денсаулық сақтау министрілігінде атап өткендей, жоғарыда аталған медициналық нысандардың құрылысы 280 млрд теңге инвестицияны тартуға, аймақтағы ана мен бала өлімі көрсеткішін, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ 2,8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.