Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа қазақ әскеріндегі қазіргі ахуалға қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді, - деді ол.
Әскери прокуратураның дерегінше, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.
2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет, - деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат атағандай, 7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін атап өткен еді. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? – деп айтты депутат.
Нартай Аралбайұлы әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАNАТ партиясы 2022 жылы көтергенін, бірақ жағдай түзелмек түгілі, ушығып кеткенін айтты. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес.
Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейтіні, әлеуметтік жағдайларының төмен екені әмбеге аян. Бұл жағдайды түзету де кезек күттірмейтін мәселе, - деп жеткізді ол.
Депутат мынадай ұсыныстар жасады:
1. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау.
2. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту.