Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысындағы Сарайшық қалашығынан мыс және күміс теңгелер көмбесі де табылды.
Бұл туралы aikyn.kz хабарлады.
Археолог Амангелді Зайновтың айтуынша, Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау университетінің мамандары орта ғасырдағы Сарайшық қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба жұмыстарына Атырау облысының әкімдігі қолдау білдірді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен қолға алынған жұмыс кезінде көлемі 600 шаршы метр, тереңдегі 2 метр жер аумағы зерттелген.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ортағасырлық қаланың тұрғын жайлары, кәріз жүйесі, керамикалық ыдыстар, моншақтар, өңделген сүйектер, диірмен, ұршық пен қайрақтың тастары, темір бұйымдар фрагменттері, тұрғын үйлердің жылу жүйесі табылды. Қазба орнынан ХІV ғасырдың екінші жартысына, Алтын Орда дәуіріне сәйкес келетін күміс, мыс тиындар көмбесі таптық. Көмбеден 200-ге жуық күміс, 50-ге жуық мыс тиын шықты. Бұл тиындар Алтын Орда хандары Жәнібек пен Азиз-Шейх хандардың тұсында соғылғаны анықталды, -дейді археолог Амангелді Зайнов.
Оның айтуына қарағанда, орта ғасырдағы Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстары 15 маусымда басталған. Үй жануарларының сүйектері мен балық қалдықтары, өзге де артефактілердің нақты ақпараты лабораториялық зерттеулерден кейін белгілі болады.