Сарайшық қалашығын тасқыннан қорғау жұмыстары басталды

11 Мамыр 2024, 20:04
959
Бөлісу:
Сарайшық қалашығын тасқыннан қорғау жұмыстары басталды
Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Индер ауданы Индербор, Жасуат, сондай-ақ Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірде су тасқыны қаупі сақталуда. Орал-Индербор және Орал-Махамбет гидропостында су деңгейі қауіпті белгіден асқан. Жайық өзені деңгейінің әлі де арта түседі деп болжанып отыр.

Барлық қауіпті учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Табиғи апатпен күреске жергілікті тұрғындар, еріктілер және түрлі кәсіпорын қызметкерлері белсенді қатысады.

Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы – 30 шақырым. Қорғаныс бөгеті Жарсуат, Индербор, Құрылыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол және Елтай елді мекендерінде салынған. Жұмыстарға 40-тан астам арнайы техника, 300-ге жуық әскери қызметші және 100-ге жуық ТЖ қызметкері, оның ішінде Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды.

Махамбет ауданында Жайық өзенінің бойында 17 елді мекен орналасқан. Оларды қорғау үшін 80 км жағалауды нығайтатын бөгеттер салынды. Аудандағы бөгеттердің ұзындығы – 105,8 км. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. 130 бірлік арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам ТЖ қызметкері, 300-ге жуық еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылды.

Өз кезегінде Вице-премьер Қанат Бозымбаев Махамбет ауданының әкіміне ежелгі Сарайшық қалашығының бойындағы Жайық өзенінің бойындағы бөгетті қосымша көтеруді тапсырды.

Бұл жерге ондаған техника мен Қорғаныс министрлігінің жеке құрамының жүздеген адамы тартылады. Біздің тарихи мұрамызды қорғауға және сақтауға жауапкершілікпен қарау қажет, - деді Қанат Бозымбаев.

Өзгелердің жаңалығы