Сарапшылар өңдеу өнеркәсібінің келешегін талқылады

27 Қаңтар 2025, 18:05
223
Бөлісу:
Сарапшылар өңдеу өнеркәсібінің келешегін талқылады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Taldau Talks подкастының кезекті шығарылымы жарық көрді. Ол туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа шығарылымға Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі арқау болды. Оған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, кәсіпкер, Өңдеу өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы Марат Баққұлов және экономист Айдархан Құсайынов қатысып, салаға қатысты түйткілдерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, өңдеу өнеркәсібін дамыту елімізде өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашады. Сондай-ақ ол соңғы жылдарда бұл салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілгенін тілге тиек етті. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 жылда 2 еседен астам өсіп, 5,9 пайызды құрады. Сенат Төрағасының айтуынша, мұндай үрдіс экономиканың әртараптанғанын және шикізат секторына тәуелділіктің төмендегенін көрсетеді. Дегенмен, әлі де жетілдіруді қажет ететін өзекті мәселелер бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа экономикалық саясат аясында еліміздің берік өнеркәсібін қалыптастыру міндетін жүктеді. Өңдеу өнеркәсібі соның негізі болмақ. Аталған сектор бұл саладағы келешегі зор бағыттардың бірі екені сөзсіз. Өңдеуші өнеркәсіпті дамытпай экономиканың сапалы өсуін, оны әртараптандыруды, экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігін, халық табысының артуын, салық базасының ұлғаюын қамтамасыз ету өте қиын. Егер өңдеу өнеркәсібінің құрылымын талдайтын болсақ, онда жалпы көлемнің 40 пайызын металлургия алады. Сондықтан қосылған құны жоғары өнім шығаратын саланың озық секторларын дамытудың маңызы зор, – деді Сенат төрағасы.

Сарапшылар Taldau Talks подкастында өңдеу саласының жағдайы мен белең алған үрдістерді талқылады. Атап айтқанда, қаржыландыруға қол жеткізу, отандық өнімнің импорты мен бәсекеге қабілеттілігі, кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ішкі нарықты қорғау, Қазақстанның экспорттық әлеуеті және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі сияқты мәселелерге мән берілді.

Подкасттың толық нұсқасы Парламент Сенатының ресми YouTube-арнасында. 

Өзгелердің жаңалығы