Сарапшылар қазіргі ғарышкердің апталық рационы қанша тұратынын есептеді

12 Сәуір 2021, 17:43
3464
Бөлісу:
Сарапшылар қазіргі ғарышкердің апталық рационы қанша тұратынын есептеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарапшылар қазіргі ғарышкердің апталық тамақ рационы қанша тұратынын есептеді. Бұл ретте азық-түлік тұтыну көлемі 3200 ккал-дан аспайтындай етіп есептелді.

«Ғарышкердің азық-түлік себетіне» орта есеппен қанша жұмсалатынын есептеу үшін Роскосмос деректері және Ресей бойынша 60-тан астам сауда желісінің азық-түлік бағасы жөнінде мәліметтер алынды, деп хабарлады ТАСС.

Белгілі болғандай, ғарышкердің бір апталық рационына шамамен 5,3 мың рубль (29 658 теңге) кетеді екен. Азық-түліктер тізімінде күріш, кептірілген өрік, кедр жаңғағы, антрекот, сиыр еті, сиыр тілі, кәді мен баклажаннан жасалған икра, зімбір печеньесі, сублимацияланған сорпалар, жеміс-жидектер, балғын көкөністер, шай мен кофе, дәрумендер бар.

Басылымның мәліметінше, Халықаралық ғарыш стансасындағы қазіргі ресейлік ғарышкерлердің мәзіріне 300-ге жуық азық-түлік атауы кіреді. Өнімдердің басым бөлігі сусыздандырылады. Ал тұздықтар мен джемдер тек тубаға салынған күйінде шығарылады.

Ғарышкерлер жеке рационын өздері құрастыра алады екен. Оған тек сиыр тілі мен балықтан жасалған бәліш, борщ пен саңырауқұлақтан жасалған сорпа, ғарышқа аттанатындардың ұлттық тағамдары кіруі мүмкін. Орбитадағы ғарышкерлер міндетті түрде кальцийге бай өнімдерді тұтынады.

Мәселен америкалықтар жеміс-жидек пен шабдалыдан жасалған йогурттарды ұнатса, ресейліктер әртүрлі шөп, сарымсақ қосылған ірімшікті таңдайтын көрінеді.

Сарапшылардың сөзінше, жапониялық ғарышкерлер арасында ең танымал тағамдар ол – суши, кеспе, желе және күріш. Сонымен қатар олардың мәзірінде көптеген тұздық пен желелер болады.

Мамандардың айтуынша, ХҒА арналған азық-түлік қоры үш айға есептеледі. Сондай-ақ экспедиция аяқталған соң әр стансада тағы 45 күнге жететін өнімдер қалады екен.

Өзгелердің жаңалығы