Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауының ортасында қалды. Кубалық Эрисланди Ларамен (WBA нұсқасы бойынша қазіргі әлем чемпионы) жекпе-жек қарсаңында қазақстандық боксшының қанынан мельдоний анықталған.
Допингтің А сынамасының нәтижелері жарияланғаннан кейін Алимханұлының командасы В сынамасын ашу рәсімін бастады. Қазір боксшы тарапы қайта талдаудың қорытындысын күтіп отыр. Дәл осы нәтиже спортшының алдағы тағдырын айқындайтын басты фактор болуы мүмкін. Қалыптасқан жағдай чемпионның мансабына қалай әсер етуі ықтимал екені жөнінде BAQ.KZ тілшісі сарапшылармен әңгімелесті.
Бәрін өзгертуі мүмкін болған жекпе-жек
Лараға қарсы айқас Жәнібек Алимханұлының мансабындағы ең маңызды жекпе-жектердің бірі ретінде қарастырылған. Жеңіске жетсе, ол қолындағы белбеулерге WBA титулын қосып, абсолютті әлем чемпионы мәртебесіне бір табан жақындайтын еді.
Алайда соңғы сәтте алынған допинг-тест екіұшты нәтиже көрсетті. Енді Алимханұлының спорттық болашағы — оның ішінде чемпиондық айқастарға қатысуы мен титулдар үшін күресі — көп жағдайда В сынамасының қорытындысына тәуелді.
Мұндай оқиғалар тосын емес
Америкалық танымал бокс және ММА шолушысы Кевин Айол оң нәтиже туралы жаңалықты сенсация деп санамайтынын айтады.
Таңғалдым ба? Онша емес. Мен Жәнібекті алдаушы деп есептемеймін, бірақ тыйым салынған препараттарды қабылдаған боксшылар аз емес, сондықтан мұндай жағдайлар ешқашан күтпеген жаңалық болмайды, - дейді ол..
Айол кәсіби спортта А және В сынамалары арасындағы айырмашылық өте сирек кездесетінін атап өтті. Оның пікірінше, команданың таңдаған қорғаныс тактикасы аса сәтті көрінбейді.
Фактіні жоққа шығарғаннан гөрі, оның ағзаға қалай түскенін түсіндіру әлдеқайда орынды болар еді. Қазіргі допинг-тестілеу өте дәл әрі дамыған — қателік ықтималдығы жоққа тән. Соңғы жылдары А сынамасы оң, ал В сынамасы теріс болған жағдайды есіме түсіре алмаймын, - дейді ол.
Сонымен бірге сарапшы, ереже бұзушылық расталған күннің өзінде Әлімханұлының жалпы мансабы аса қатты зардап шекпейді деп санайды: қарсыластардың оған қарсы рингке шығудан бас тартуы екіталай.
Дегенмен Айолдың айтуынша, Ларамен өтпей қалған жекпе-жектің маңызы ерекше болар еді.
Лара — жасы келген боксшы, Жәнібек айқын фаворит саналатын. Бірақ Жәнібектің қарсыластарының деңгейі әзірге аса жоғары емес, сондықтан Лараны жеңу оған танымал қарсылас пен түйіндемесіне маңызды есім қосар еді.
Допингке қатысты мұндай жағдайлардың себептеріне тоқталған шолушы кінәліні анықтау әрдайым мүмкін бола бермейтінін айтады.
Бұл қалай болғанын нақты айту қиын. Кейде кінә боксшының өзінен, кейде нутрициологтан немесе аспаздан кетуі мүмкін. Кейде ластанған қоспалар да себеп болады. Нұсқа көп, бірақ көбіне бұл спортшының саналы таңдауы болып шығады, - дейді сарапшы.
"Командалық жұмыста олқылық бар"
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов те В сынамасының теріс нәтиже көрсету ықтималдығы өте төмен деп есептейді. Оның айтуынша, дәл осы қайта талдау шешуші болады, ал салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Жәнібек Әлімханұлының оң допинг сынамасы оның мансабына, әрине, теріс әсер етеді. Егер В сынамасы да оң болып шықса (бұған ықтималдық өте жоғары), онда дисквалификация, барлық чемпиондық белбеулерден айырылу және айыппұл қаупі бар. Сәуірде Жәнібек 34 жасқа толатынын ескерсек, бұл жағдай бұрынғы деңгейіне оралуын едәуір қиындатады, - деді Махметов.
Сарапшы кәсіби бокста дисквалификация әдетте ұзаққа созылмайтынын, алайда бәрі спортшының мәртебесі мен медиа салмағына байланысты екенін айтады.
Егер В сынамасы оң болса да, спорттан шеттету қысқа мерзімді болады деп үміттенейік. Сонымен қатар В сынамасының теріс шығу ықтималдығы да бар. Ондай жағдайда Жәнібек барлық белбеуін сақтап қалады. Бірақ мұндай сценарийдің ықтималдығы тым төмен.
Лараны жеңудің ықтимал әсерін бағалай отырып, Махметов кубалықтың стилі аса көрерменді қызықтырмаса да, оның тәжірибесі мен мәртебесі бұл жеңісті шын мәнінде дабысты ететінін атап өтті.
Жеңіске жетсе, Жәнібек бірден үш чемпиондық белбеудің иегері болар еді. Ағылшын тілін аса білмейтініне қарамастан, оны елемеу мүмкін емес еді. Ал одан кейін абсолютті әлем чемпионы атағына таласатын жекпе-жек те алыс болмайтын. Бұл атаққа санаулы ғана боксшы қол жеткізеді.
Сарапшының пікірінше, мұндай деңгейдегі айқастар алдында команда жаттығу үдерісінен бастап, тамақтану мен витаминдерге дейін барлық тәуекелді барынша азайтуы тиіс. Дәл осы тұста, оның ойынша, шешуші қателік кетуі мүмкін.
Менің пайымдауша, бұл — командалық жұмыстағы олқылық. Мұндай маңызды жекпе-жек алдында барлық факторды ескеру керек еді. Бір жерде қателік кеткен сияқты, ол ақыры ауыр салдарға әкелді. Арандату қаупін де жоққа шығармаймын, — деп түйіндеді Айдар Махметов.
Осылайша, Алимханұлының допинг сынамасына қатысты жағдай орта салмақ дивизионы үшін басты белгісіздікке айналып отыр. В сынамасының нәтижесі тек Ларамен жоспарланған жекпе-жектің тағдырын ғана емес, қазақстандық чемпионның мансабындағы бағытын — оның чемпиондық мәртебесін, медиа мүмкіндіктерін және әлемнің үздік боксшылары арасындағы орнын да айқындайды.
Соңғы қорытынды жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым жасау ерте, алайда болған жайттың өзі спортшы мен оның командасы үшін елеулі сынаққа айналғаны анық.