Сарапшы: Ұлттық құрылтай – қоғам мен мемлекетті біріктіретін платформа

14 Наурыз 2024, 12:16
835
Бөлісу:
Сарапшы: Ұлттық құрылтай – қоғам мен мемлекетті біріктіретін платформа
Фото: azh.kz

Мемлекет тарихы институты бөлімінің жетекшісі Еркебұлан Аманғосов Ұлттық құрылтайдың маңызын және жиында қандай мәселелер талқыланатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 15 наурыз күні Атырау қаласында өтеді. Осы ретте сарапшы Еркебұлан Аманғосовтан үшінші рет өткізілгелі отырған жиынның өзектілігі жайлы сұрап көрдік.

- Ел үшін маңызды шешімдер құрылтайларда қабылданғанын тарихтан білеміз. Жалпы Ұлттық құрылтай өткізудің маңызы қандай?

- Ұлттық құрылтай – бұл қоғам мен мемлекет арасын біріктіретін, қоғамның бірлігі мен тұтастығын нығайту үшін идеялар мен адамдарды жинақтап, әзірлейтін платформа. Бұл қазақтың ұлы даласындағы тарихы тереңде жатқан құрылтаймен теңдей. Оның бастауын да сол жерден көруге болады. Өйткені ел басына күн туған кезде бабаларымыз құрылтайда жиналып, көптеген мәселенің шешімін бірлесе отырып тапқан.

Қазір әділетті Қазақстанды құруға ұмтылғанда осы қоғамның күш-жігерін, идеяларын біріктіруде құрылтай үлкен маңызға ие.

- Осыған дейін Ұлттық құрылтай отырыстары Ұлытауда және Түркістанда өтті. Сіздің ойыңызша, бұл жолы не себепті Атырау өңірі таңдалды?

- Құрылтайдың әр отырысы өтетін жерді таңдаудың өзінің символдық маңызы бар. Бәріміз білетіндей, Ұлытау хандардың басын біріктірген киелі жер. Ал Түркістан – рухани орталығымыз, мәдени кеңістіктің басын біріктірген, қазақтың хандары жерленген мекен. Енді Атыраудың таңдалғанының да өз себебі бар. Сарайшық – үлкен тарихи маңызы бар көне қала. Өздеріңізге мәлім, бүгінде Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Ал Сарайшық осы ұлыс хандарының, Алтын Орданың, Ноғай Ордасының, қазақтың хандарының ордасын тіккен жер саналады. Сондықтан бұл – маңызды орталық. Оны аспан астында жатқан мұражай десек те қателеспейміз.

- Атырау Ұлттық Құрылтай отырысын өткізуге қалай дайындалып жатыр?

- Құрылтайдың көшпелі отырысының Қазақстанның тек бір орталығында ғана емес, сонымен бірге әр өңірдің орталығында өткізілуі оның жауапты міндетті ала білетін әлеуетін көрсетеді. Яғни оны өңірге ауыртпашылық ретінде емес, керісінше өңірдің мүмкіндіктерін кеңінен дамыту ретінде қарастырған жөн.

- Сіздің ойыңызша, осыған дейінгі екі отырыста көтерілген қандай мәселелер бүгінде шешімін тапты? Сондай-ақ ертеңгі жиында қандай өзекті мәселелер көтеріледі?

- Ұлттық Құрылтайдың осыған дейінгі отырыстарының әрқайсысы үлкен іс-шараларды қамтыды. Өйткені Ұлттық Құрылтайға мүшеліктің өзі ротациялық принцип негізінде әр өңірдің түрлі сала өкілдірін, қоғам белсенділерін, тәжірибелі сарапшыларды, ғылым-білім, медицина, мәдениет, спорт және басқа да бағыттардағы түрлі сарапшылар мен қоғам өкілдерін тартады. Сондай-ақ Ұлттық Құрылтайдың негізінде қазіргі қоғамның күн тәртібінде жүрген өзекті мәселелер талданып, ұсыныстар төменнен жоғарыға бағытталып, оң шешімдерін тапты. Мысалы, жаңа облыстардың құрылды, оған қоса облыстарға қажетті шешімдер шығарылды.

Сонымен бірге отбасындағы зорлық-зомбылыққа, вейпке тыйым салуға қатысты заң жобаларын дайындау бойынша Ұлттық Құрылтай мүшелері тартылғанын білеміз. Қазіргі қоғам дертіне айналған дүниеге араласып, заң тұрғысынан бастамалар жасалған болатын.

Алдағы Атырау қаласында өтетін құрылтай секцияларға бөлінеді. Дәлірек айтқанда, 4 секция жұмыс істейді. Бұл секцияларда айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешімін табады. Президент қаңтар айында Егемен Қазақстанға берген сұқбатында белгілі бір конструкция құрып берді. Яғни жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке тапсырма берсе, енді Ұлттық Құрылтай аясында қоғамның өзінен туындап отырған сұраныстарды, мәселелерді қорытып, талқылап, оң шешімін беріп жатқанын байқап отырмыз.

Мысалы, Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысынан кейін Президент оның бес мүшесімен жеке кездесіп, түрлі мәселелерге қатысты пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын қабылдаған болатын. Олар – Әлихан Байменов, ғалым Асхат Жұмаділдаев, Қазақфильмнің басшысы Азамат Сатыбалды, Қазақ тілі қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевпен кездесті. Мұндай кездесулер төменнен түсетін ұсыныстарды жіктеуге мүмкіндік береді. Яғни әртүрлі бағыттарды қолдау тауып отыр. Бұл ең алдымен идеологиялық бағыт десек қателеспейміз.

- Еркебұлан мырза, уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.

Өзгелердің жаңалығы