Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда су тапшылығы соңғы жылдары қатты біліне бастады. Сондықтан ылғалды аз қажет ететін, сұранысқа ие дақыл түрлеріне көшу қажет. Саладағы бірқатар сарапшы осындай пікір айтып отыр.
Қазақстанда су тапшылығының алдын алу шараларының қатарында суарудың су үнемдеу технологияларын қолдану, суару желілерін қайта жаңарту, магистральдық арналарды цифрландыру, жаңа су қоймаларын салу және күріш егістігін 29 мың гектарға қысқарту бар.
Алматы облысында күріш егетін белгілі ауыл шаруашылығы мамандарының пікірінше, күріш егістігін қысқарту топырақтың құнарына кері әсерін тигізеді.
Күріш – бұл жуылатын дақыл, оның өсімдік жамылғысы су қабатының астында, көлденең науаларда кездеседі. Күріш тұзға да төзбейді, сол үшін тұз деңгейінің жоғарылауына байланысты науадағы су бірнеше рет өзгереді, сондықтан вегетациялық кезеңде 1 га күріш дақылына 22-ден 25 мың м3-ге дейін су жұмсалады. Ал дәндік жүгеріні өсіру үшін – 6 мың м3 су, көпжылдық шөптер – 8 мың м3, бақша дақылдары – 4 мың м3 су қажет. Ал дәндік жүгеріні өсіруге – 6 мың м3 су, көпжылдық шөптерге – 8 мың м3, бақша дақылдарына – 4 мың м3 су қажет. Бұл жерлерді ешкім тастап кетпейді, олар басқа суару технологиялар, өзге де аз ылғал сүйгіш дақылдар қолданыла отырып, адамзат игілігі үшін «жұмыс істейді». Сондай-ақ, күріш сортаң жерлерде өсірілетін жалғыз дақыл деп ойлау дұрыс емес, - дейді «Water Hub» Халықаралық зерттеу орталығының директоры, техника ғылымдарының докторы Анатолий Рябцев.
Сондай-ақ Анатолий Рябцев Алматы облысы фермерлерінің алаңдаушылығы негізсіз деп санайды.
Фермерлерге биылдан бастап күріш егуді тоқтатуға міндеттесе, олардың алаңдаушылығын түсінуге болар еді. Министр суармалы жерлерде мақта, күріш, бидай егістерін біртіндеп, кезең-кезеңмен қысқарту туралы міндет қойып отыр. Оны дұрыс деп санаймын. Елімізде ылғал сүйгіш дақылдардың егістігін қысқарту саясаты 2005 жылдан бастап жүргізіле бастады. Оған суармалы судың жалпы тапшылығы, әсіресе, трансшекаралық су көздері, Іле және Сырдария өзендері дәлел бола алады, - деп атап өтті маман.
Сарапшы бұл мәселені шешу үшін ауыспалы егісті енгізу арқылы жерлерді ылғалды аз қажет ететін дақылдарға кезең-кезеңмен ауыстыру қажет екенін айтты.
Суды көп қажет ететін дақылдардың егістік алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы бойынша 2030 жылға дейін ел бойынша күріш 104 мың гектардан 75 мың гектарға дейін, яғни 29 мың гектарға қысқартылады. Бұл 10 жыл ішінде жүзеге асатын шаруа. Егер Балқаш ауданында бүгінде 8,7 мың га күріш алқабы болса, оны есептеу қиын емес. Жыл сайын тек 300 гектарды қысқарту қажет болады, - дейді Анатолий Рябцев.
Рябцев Алматы облысының әкімдігінің Балқаш-Алакөл су ресурстарын басқару жөніндегі Қоғамдық Кеңесінің ұсынысы бойынша 2020 жылға арналған егіс алқаптарының құрылымы ұсынылып, онда күріш егістігін 1 мың гектарға қысқарту көзделгенін де хабарлады.
Су ел үшін шектеулі ресурс, оны ұтымды пайдалану қажет - дейді ол.
Ал Қазақстан Су шаруашылығы қауымдастығының президенті Нұрлан Атшабаров су ресурстарын пайдалану қажеттігінің бірқатар себептерін алға тартты.
Ақдала суландыру алабы шөлді аймақта орналасқан. Тасмұрын мен Бақанас магистралды каналдарымен суды тасымалдау кезінде үлкен сүзілу шығындары орын алады,-деп түсіндірді Қауымдастық басшысы.
Сондай-ақ, сарапшының сөзінше Қазақстанда су тапшылығы соңғы екі жылда айтарлықтай байқала бастаған.
Су көлемінің жартысына жуығы республика аумағында қалыптасады. Қалған бөлігі – трансшекаралық сулар, олардың көлемі халықаралық шарттар мен келіссөздер есебінен қамтамасыз етіледі. Жоғарыда аталған екі су нысаны да соңғы уақытта төмендеп жатыр. Сондықтан экономика салалары мен экологиялық қажеттіліктерді сумен қамтамасыз ету үшін суды үнемдеу мәселесі бірінші кезекке шығып отыр. Қазір су лимиттерінің негізінде ауыл шаруашылығы дақылдары мен олардың алаңдарының құрамын қалыптастыру маңызды, - деп есептейді Нұрлан Атшабаров.