Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы ҚҚС өссе, ол пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізеді деп есептейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қосылған құн салығына өту шегін төмендету, ҚҚС төлеудің мөлшерін көбейту – қате шешім. Неге? Себебі ҚҚС соңғы тұтынушы төлейтін салық. Яғни кез келген дүкенге барсаңыз, қолыңыздағы түбіртекте "ҚҚС-ны қоса есептегенде" деп тұрады. Яғни сіз алған тауар 100 теңге болса, сіз ол үшін 112 теңге төлейсіз. Себебі сіз ҚҚС төледіңіз. Енді оның мөлшері биыл 12%, егер 2026 жылдан бастап 16% болса, онда сіз 112 теңгенің орнына 116 теңге төлейсіз. Бұл ең аз мысал, - деп айтты сарапшы.
Қазіргі қосылған құн салығы бойынша 79 млн теңгеден аса табыс тапқан кәсіпкерлер талық төлеуге міндетті. Ал келесі жылдан бастап жылдық табысы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер салық төлеуі мүмкін. Сарапшының сөзінше, осы өзгеріс қабылданса, онда екіннің бірі ҚҚС төлейді.
Сәйкесінше сіз алатын тауарлар, қызметтер – барлығы қымбаттайды. Сонда бұл өзгеріс бірінші кезекте халықтың қалтасына келіп түседі. Екіншіден, кәсіпкерлерге ауырлық етеді, - деп санайды ол.
Гүлнұр Нұрланқызы мұндай өзгеріс халыққа да, шағын және орта бизнеске де пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізеді деп есептейді.
Бұған дейін Гүлнұр Нұрланқызы "Неге несиесіз өмір сүре алмаймыз?" және "Тамақты несиеге алу дұрыс па?" деген сұрақтарға жауап берген болатын.
Сондай-ақ қаржылай сауатты болудың жолдарын да сілтеді.
Сарапшының айтуынша, елімізде бірнеше миллион адам кедейлікте өмір сүріп жатыр.
Сонымен бірге Гүлнұр Нұрланқызы қарыздан құтылудың ең жылдам жолын айтты.
Бүгін сарапшы "Ақшаны қалай және қайда жинауға болады?" деген сұраққа жауап берді.