- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан шетелдік таланттар үшін күреске қосылды: Елімізді не күтіп тұр?
Қазақстан шетелдік таланттар үшін күреске қосылды: Елімізді не күтіп тұр?
Қазақстан таланттар үшін жаһандық бәсекеге қосылды.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 19:02
Қазақстан шетелдік мамандарды, инвесторларды және кәсіпкерлерді тартуға бағытталған көші-қон саясатын күшейтіп жатқан тұста халықаралық ұйымдар да бұл бағыттағы реформаларға оң баға бере бастады. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссия басшысының міндетін атқарушы Алия Белоносова қазіргі әлемде мемлекеттер таланттар мен жоғары білікті мамандар үшін жаһандық бәсекеге түсіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінде көші-қон тек халықтың орын ауыстыру процесі емес, экономикалық өсімге, инновацияға және еңбек нарығына тікелей әсер ететін стратегиялық факторға айналған.
Әлемде 304 миллионнан астам халықаралық мигрант бар
Алия Белоносова Халықаралық көші-қон ұйымының 2026 жылға арналған жаһандық көші-қон туралы баяндамасына тоқталды. Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемде 304 миллионнан астам халықаралық мигрант тіркелген. Бұл – әлем халқының шамамен 4 пайызы.
Көші-қон жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, тұрақтылықты нығайтады және әлеуметтік тұтастықты күшейтеді. Реттелген әрі қауіпсіз көші-қон арналары жаһандық экономикалық өсімді ынталандырады, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, көші-қонды шектеу миграцияны тоқтатпайды. Керісінше, адамдардың заңсыз әрі қауіпті жолдарға өтуіне себеп болады.
Заңды көші-қон арналары жабылған кезде миграция көлеңкелі секторға кетеді. Бұл адам саудасы, қанау, құқық бұзушылық және мигранттардың құқықтарының бұзылуы сияқты тәуекелдерді күшейтеді, – деді Алия Белоносова.
Мемлекеттер таланттар үшін күресіп жатыр
Халықаралық көші-қон ұйымы өкілінің айтуынша, қазіргі таңда әлемдегі көптеген мемлекет еңбек нарығындағы тапшылық пен халықтың қартаюы мәселесіне тап болып отыр. Соның салдарынан елдер жоғары білікті мамандар үшін ашық бәсекеге кіріскен.
Егер бұрын мемлекеттер негізінен ішкі еңбек нарығына көбірек назар аударса, қазір жағдай өзгерді. Әлем әлдеқайда мобильді бола түсті. Мемлекеттер таланттар мен жоғары білікті мамандар үшін бәсекелесіп жатыр, – деді ол.
Оның сөзінше, демографиялық өзгерістер де бұл үрдісті күшейтіп отыр. Кей елдерде жұмыс күші жетіспесе, енді бір мемлекеттерде еңбек нарығында артық адам күші қалыптасқан.
Қазақстан көші-қон саясатын жеңілдетуге көшті
Алия Белоносова Қазақстанның көші-қон саласындағы қазіргі бағытын оң бағалады. Оның пікірінше, Қазақстан біртіндеп шектеуші модельден ынталандырушы модельге өтіп жатыр.
Қазақстан көші-қонды тек бақылау немесе шектеу құралы ретінде емес, дамуға мүмкіндік беретін фактор ретінде қарастыра бастады. Бұл – қазіргі жаһандық трендке сай келетін қадам, – деді ол.
Сарапшы мемлекеттер көші-қон саясатын жеңілдету үшін ең алдымен шетел азаматтарына түсінікті әрі ашық жүйе ұсынуы керек екенін айтты.
Оның айтуынша, көші-қон саласындағы:
- ашықтық;
- болжамдылық;
- цифрландыру;
- әкімшілік кедергілерді азайту
елдің халықаралық деңгейдегі тартымдылығына тікелей әсер етеді.
Неғұрлым жүйе ашық, автоматтандырылған және түсінікті болса, Қазақстан жаһандық бәсекеде соғұрлым тартымды көрінеді, – деді ол.
«Бір терезе» жүйесі әлемде тиімділігін дәлелдеді
Халықаралық көші-қон ұйымы өкілі Қазақстанда енгізіліп жатқан «бір терезе» қағидатын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл тәсіл көптеген елде өз тиімділігін дәлелдеген.
«Бір терезе» жүйесі қазір көптеген еуропалық елде жұмыс істейді. Қазақстан да осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы керек, – деді Алия Белоносова.
Оның сөзінше, шетелдік мамандар мен инвесторларды тарту үшін тек виза беру жеткіліксіз. Ең маңызды мәселенің бірі – олардың қоғамға интеграциялануы.
Жоғары білікті мамандар мен инвесторлар жалғыз келмейді. Олар отбасымен бірге келеді. Сондықтан мемлекет тек маманның өзіне емес, оның отбасы үшін де қолайлы жағдай жасауы керек, – деді ол.
Қазақстанға қандай мамандар қажет?
Алия Белоносова еңбек нарығындағы сұранысты нақты талдау маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, елге қандай мамандар қажет екенін халықаралық ұйымдар емес, Қазақстанның өзі анықтауы тиіс.
Бұл мәселе еңбек нарығының қажеттілігі мен аналитикалық зерттеулер негізінде анықталуы керек. Қазақстанға қандай мамандар қажет екенін Қазақстанның өзі шешуі тиіс, – деді ол.
Сарапшы көші-қон саясаты ұлттық мүдде мен еңбек нарығы сұранысының арасындағы тепе-теңдікке негізделуі қажет екенін атап өтті.
Мигранттардың құқығын қорғау маңызды
Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі көші-қон саясатының тағы бір маңызды бағыты – мигранттардың құқықтарын қорғау екенін айтты.
Оның сөзінше, ксенофобияның алдын алу, еңбек қанауына жол бермеу, әлеуметтік және медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету заманауи көші-қон саясатының негізгі бөлігі болуы тиіс.
Мигранттардың құқықтарын қорғау – көші-қон саясатының маңызды элементі. Бұл бағытсыз тұрақты әрі тиімді жүйе қалыптастыру мүмкін емес, – деді Алия Белоносова.
Қазақстан аймақтағы жаңа орталыққа айналуы мүмкін
Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанның қазіргі бастамаларын уақтылы әрі болашаққа бағытталған шешім деп бағалады.
Алия Белоносованың айтуынша, Қазақстанда халықаралық тәжірибе, цифрлық инфрақұрылым, АХҚО секілді табысты модельдер, көші-қон жүйесін жаңғыртуға қажетті әлеует бар.
Қазақстан инвесторлар, кәсіпкерлер және жоғары білікті мамандар үшін аймақтық тартылыс орталығына айнала алады, – деді ол.
Сөз соңында Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанның көші-қон саясатын жаңғырту бағытындағы жұмысына қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Миграция – тұрақты дамудың стратегиялық ресурсы. Ол тек қаржылық ағын ғана емес, білім, тәжірибе, адами капитал және инновация алып келеді. Инновацияның шекарасы болмайды. Сондықтан Қазақстан таланттар мен жаңа идеялар үшін ашық болуы керек, – деді Алия Белоносова.
Ең оқылған:
- Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан: БҚО-да адасып кеткен әйел табылды
- Қытай АҚШ-ты Кубаға қысымды тоқтатуға шақырды
- Ең төменгі жалақы 150 мың теңге болса, кімнің жалақысы өсетіні айтылды
- Алматы облысында жүрген «зебралар» есек болып шықты
- Трамп Ормуз бұғазында кеме қатынасына төлем енгізуге қарсылық білдірді