Astana Media Week 2025 алаңында UNI-Q компаниясының тең бас директоры Анар Жүнісова қазақстандық контенттің дамуы, бюджет мәселесі және монетизация жолдарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл – жақсы контент. Бірақ ең бастысы – адамдарды оған ақша төлеуге үйрету. Бәсекелестік бізге қажет, өйткені бәсеке сапалы дүние шығарады, – деді спикер.
Оның сөзінше, Қазақстандағы телеарналар мен платформалар арасында қозғалыс бар, тренингтер бар, алайда көрші елдердің нарығымен салыстырғанда контент өндірісіне жұмсалатын қаржы бірнеше есе жоғары.
Біздің түсірілімдерге кететін бюджет Ресеймен салыстырғанда біраз жоғары. Жобаларға сонша қаражат жұмсалғаннан кейін көрерменнің контент үшін төлеуі — қалыпты жағдай. Әрине, шығындардың өтелуі бірінші жылы болмайды, бірақ соған жұмыс істейміз, – деді ол.
Сала өкілдері табыстың бір ғана көзіне сүйеніп қалмау үшін әртүрлі жолдар қолданатынын айтты. Оның бірі — стриминг платформаларына арнап фильм түсіру.
Біз стриминг үшін кино түсіреміз. Қосымша табыс, монетизация болсын дейміз. Мысалы, 20 күн түсірілімге кетеді, шағын бюджет жұмсайсың, кейін фильмді прокатқа шығарып, белгілі бір табыс жинайсың, – деді спикер.
Мамандардың пікірінше, қаржы, бәсекелестік және көрермен мәдениеті қатар дамыса, қазақстандық контенттің сапасы да өседі.
Еске салайық, елордада Astana Media Week 2025 5-7 қараша аралығында өтіп жатыр.