Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөз сөйлеп, халықаралық қауымдастық үшін өзекті бастамаларды ұсынғаны белгілі. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Айнұр Тұқымова Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзі мен жаһандық бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның ұстанымы
Мемлекет басшысы көпжақты институттарға сенім дағдарысы, жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ядролық қарусыздану және жасанды интеллектті реттеу мәселелерін көтерді.
Қаруды бақылау жүйесі терең дағдарысқа тап болды. Ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыру және ядролық қаруды қолдану қаупін азайту үшін көпжақты күш-жігерді арттыру қажет екенін айтты.
Президент Қазақстанның ядролық қарусыздану бойынша жаңа диалог бастауға дайын екенін және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құрудың маңыздылығына тоқталды. Газаға қатысты Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарды қорғап, гуманитарлық көмек көрсетуді, Қазақстан БҰҰ орталық рөл атқаратын «екі мемлекет» шешімін қолдайтынын» айтты, - деп атап өтті халықаралық сарапшы.
Сондай-ақ Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың АҚШ делдалдығымен қалыпқа келе бастағанын ол дипломатияның тиімділігінің айқын дәлелі ретінде бағалады.
2025 жылғы тамызда Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығының ашылуы да Қазақстанның халықаралық беделін арттырған маңызды оқиға ретінде аталды.
Климат және цифрландыру
Президент климаттың өзгеруіне ерекше назар аударып, Орталық Азияның әлемдік орташа деңгейден екі есе жылдам жылып жатқанын ескертті.
Тоқаев мұздықтардың еруі миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Қазақстан Аралды сақтауды жалғастырып, Каспийді құтқаруға жедел шара қабылдауға шақыратынын алға тартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2026 жылы Астанада өңірлік экологиялық саммит өтетінін хабарлады және БҰҰ Бас Ассамблеясында 22 сәуірді «Жерді көгалдандырудың халықаралық күні» ретінде белгілеуді ұсынды, - дейді Айнұр Тұқымова.
Президент атап өткендей, «Орталық Азия бестігі» форматы өңірлік ынтымақтың үлгісін көрсетіп отыр.
Ал Ауғанстанның инклюзивті дамуын Қазақстан ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі деп санайды. Климаттың өзгеруіне ерекше назар аударылды. Орталық Азияда жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Мұздықтардың еруі миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Қазақстан Аралды сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда және тез таяздап бара жатқан Каспийді құтқару үшін жедел шаралар қабылдауға шақырады. 2026 жылы Астанада БҰҰ және халықаралық серіктестердің қолдауымен өңірлік экологиялық саммит өтеді. Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясында 22 сәуірді Жерді көгалдандырудың халықаралық күні ретінде белгілеуді ұсынды, - деді халықаралық сарапшы.
ЖИ және энергетикалық стратегия
Президент Тоқаев жасанды интеллектті стратегиялық ресурс ретінде қарастыратынын және үш жыл ішінде елді толық цифрлық державаға айналдыруды көздеп отырғанын айтты. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электронды форматта көрсетіледі, ұлттық суперкомпьютер құрылды. Қазақстан БҰҰ аясында ЖИ басқару бойынша жаһандық диалог құруды қолдайды және технологиялар әділеттілікке, жауапкершілікке және адам құқықтарын қорғауға сай дамуы тиіс деп санайды. Экономика да тұрақты өсім көрсетуде: 2025 жылы ол 6%-дан асады деп күтілуде, - деп атап өтті ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы.
Белгілі болғандай, энергетикалық стратегия мұнай, газ, көмір, уран және маңызды минералдарға негізделген. Сонымен қатар Қазақстан декарбонизация бағытын таңдап, 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа жетуге міндеттелді. Ауыл шаруашылығы жаңа өсім нүктесіне айналып келеді: экспорттық астық әлеуеті 12 млн тоннаға бағалануда. Ұзақ мерзімде ел сыртқы сауданы әртараптандырып, жабдықтау тізбектерінің тұрақтылығын арттыруды жоспарлап отыр.
БҰҰ реформасы
Президент Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ-ны жан-жақты реформалау стратегиялық қажеттілік болып отыр.
Жаңартудың негізгі бөлігі оның басты органы – Қауіпсіздік кеңесін реформалау болмақ. Қазақстан Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттерінің географиялық өкілдігін кеңейтуді, сондай-ақ әлемдік саясатта белсенді рөл ойнай алатынын дәлелдеген орта державалардың ықпалын күшейтуді ұсынады. Сонымен қатар Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған «дұшпан мемлекеттер» сияқты ескірген ережелерді қайта қарауды қолдайды, - деп түсіндірді сарапшы.
Өңірлік және жаһандық ықпал
Президент Тоқаевтың сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлі және халықаралық аренадағы конструктивті делдал ретіндегі маңызы айқын көрінді.
Өңірлік деңгейде Қазақстан интеграциялық жобаларды, көлік дәліздерін және экологиялық бастамаларды (Каспий, Арал, климаттық күн тәртібі) ілгерілетіп келеді.
Қазақстанның рөлі
Сарапшының пікірінше, Президент Тоқаевтың сөзі Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін және жаһандық аренадағы беделін тағы бір мәрте айқындады.
Ал жаһандық деңгейде ел ядролық қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде диалог бастауға қауқарлы бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретіндегі мәртебесін көрсетіп отыр.
Осылайша, Президент Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзі Қазақстанның тек ұлттық мүдделерін ғана емес, сонымен қатар жаһандық деңгейде сұранысқа ие шешімдерді ұсына алатын мемлекет екенін көрсетті. Бұл еліміздің дипломатиялық капиталын арттырып, Қазақстанның даусын ірі державалармен де, жаһандық Оңтүстік елдерімен де диалогта күшейтеді, - деп түйіндеді Айнұр Тұқымова.