Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейтін Мемлекет басшысының бұл сапарынан не күтіледі?
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым ел көшбасшысының сапарына қатысты пікір білдірді.
Еліміздегі саяси маусым дәстүрлі түрде Президенттің Жолдауынан басталса, жаһандық саяси маусым БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысынан кейін шын мәнінде бастау алады. Әлем елдерінің көшбасшылары үшін бұл алаң тек декларативті сөз сөйлеуге емес, жаңа дипломатиялық серпін мен байланыстарды нығайтуға арналған ең үлкен платформа. Мысалы, былтыр Қ. Тоқаев осы аяда 30-дан астам екіжақты кездесу өткізген еді. Биылда БҰҰ алаңы аясындағы екі жақты кездесулерден бөлек америкалық бизнес лидерлермен бірқатар кездесулер өтеді, - деп атап өтті саясаттанушы.
Айтуынша, осы жылға ерекшелік БҰҰ-ның 80 жылдығы.
Сондықтан реформалар тақырыбы, ұйымды жаңа кезеңге бейімдеу мәселесі негізгі талқылаулардың біріне айналатыны анық. Қазақстан бұл бағытта теңгерімді шешімдер ұсына алады: ұйымның көпполярлы әлемде тиімділігін арттыру, дамушы елдердің мүдделерін қорғау, климат және азық-түлік қауіпсіздігі секілді салаларда әділ шешімдер табу, - деді халықаралық сарапшы.
Ол жалпы, БҰҰ-ны, әсіресе Қауіпсіздік кеңесін реформалау көптен айтылып келе жатқан тақырып деп атады.
Қазақстан да бұған өз үнін қосқан, экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы штаб-пәтерді Азияға көшіруді ұсынса, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясында қауіпсіздік архитектурасының күйреп бара жатқанын ашық айтты. Оның басты ойы мемлекеттердің егемендігі, территория тұтастығы мен бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарының ажырамастығы. Бұл қағидаттардың бірін бұзу қалған екеуін де шайқалтады деген болатын. Кейін осы тұжырымы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен сырттай пікірталас та тудырған еді. Сол уақыттан бері Қасым-Жомарт Тоқаев өз көзқарасын тұжырымдамалық тұрғыдан дамытып, күшейте түсті. Жолдауда да БҰҰ реформасына қатысты ұсыныс жасаймын деп алдын ала ескертті, - дейді Риззат Тасым.
Сарапшының пікірінше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелер санын ұлғайту, вето құқығын қайта қарау немесе аймақтық принцип негізінде өкілдікті кеңейту сияқты бастамаларды көтеруі әбден мүмкін.
Өйткені Кауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінде бар вето өкілеті ұйымның "тең құқықтар" мен "егеменді теңдік" қағидаттарына сәйкеспейді. Бразилия, Германия, Жапония, Үндістан, Нигерия және Оңтүстік Африка сынды мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуды ұзақ жылдан бері талап етіп келеді. Егер аймақтық принцип енгізілсе, Орталық Азия атынан Қазақстанның өту ықтималдығы жоғары. Саяси шынайылық өзгерді, ал 80 жыл бұрын қабылданған қағидаттар қазіргі түйткілдерді шеше алмай отыр. Сондықтан ықтимал тұрақсыздыққа төтеп беретін, орнықты әрі инклюзивті жаңа архитектура қалыптастыруға бағытталған Қазақстан ұсынымдарының қолдау табу мүмкіндігі жоғары, - деп түйіндеді саясаттанушы.