Сарапшы: Президент сайлауы - Конституциялық реформаның заңды жалғасы

21 Қыркүйек 2022, 18:29
1561
Бөлісу:
Сарапшы: Президент сайлауы - Конституциялық реформаның заңды жалғасы

Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев елдегі кезектен тыс Президент сайлауына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Посткеңестік елдерде болып жатқан турбулентті жағдайлар жанама болсын бізге әсер етпей қоймайды. Көрші елдер қырғыз бен тәжік шекарасындағы ахуал, Қарақалпақ мәселесі, Украинадағы жағдай мен жалпы әлемдік геосаяси шарттардың тұрақсыздығын бәріміз көріп отырмыз. Мұндай жағдайда мемлекеттілікті нығайту мақсатында саяси институттарды қайта жаңғырту ерекше маңызды процестердің бірі. Саяси институттардың жаңаруы әлеуметтік, экономикалық реформаларды да эффективті жүргізуге жол ашады. Президент сайлауы жазда өткен Конституциялық реформаның да заңды жалғасы - деді сарапшы.

Президент 1 қыркүйекте сайлаудың күзде өтетіндігін, келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында Парламент сайлауы болатындығын алдын-ала хабарлады. 

Бұл да бір ерекшелік. Барлық эксперттер, белсенділер мен қоғам өкілдерінің бір айға жуық уақыт жеткілікті деңгейде талқылауына, саясаткерлердің дайындалуына уақыты болды. Ал, келесі жылы өтетін Парламент сайлауына партиялар қазірден бастап дайындықты бастап кетуіне уақыты мол. Қалай дегенмен Қазақстанда саяси реформаларды кезең-кезеңімен іске асыратын прагматикалық жолдың негізі қалануда. Ең бастысы мемлекеттілікті күшейтіп, тәуелсіздігімізді нығайтып, геосаяси күрделі кезеңде елімізді жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік даму сатысына көтеру уақыт талабы. Біз мемлекет құрушы ұлт қазақ халқы елімізде өткелі жатқан сайлау процесінде қоғамдық консолидация негізінде бір-біріміздің көзқарастарымызға құрметпен қарай отырып, жоғары саяси мәдениетпен ортақ Отанымыздың дамуына, саяси жаңаруына өркениетті түрде жол бастай аламыз деген сенімдемін - дейді Бауыржан Серікбаев.

Өзгелердің жаңалығы