Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сарапшы: Бір палаталы парламентке көшу – жүйелі өзгерістердің бір бөлігі

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
30 Қыркүйек 2025, 17:05
414
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Еуразиялық интеграция институты жанындағы “Ашық саясат” сараптамалық клубының кезекті отырысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимов бір палаталы парламентке көшу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұл мәселені тек Сенатты таратып, Мәжілісті күшейту тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды.

Мәселені кең көлемде түсіну қажет. Өйткені бұл – тек бір палатаны жою емес, жалпы үш билік тармағының өзара қарым-қатынасына әсер ететін жүйелі өзгеріс, – деді сарапшы.

Жамаладин Ибрагимов негізгі үш аргументті атап өтті.

Біріншіден, заң жобалары екі палатаның арасында ұзақ талқыланып, қабылдануы кешеуілдеп келген. Екіншіден, қос палаталы жүйе мемлекет шығынын арттырады.

Бүгінде экономистердің өзі айтып жүр: мемлекеттік шығындардың бір бөлігі – екі палатаның аппараты мен комитеттерін ұстауға кетеді, – деді ол.

Үшіншіден, әлемдік тәжірибеде бір палаталы парламенттің тиімді жұмыс істеп жатқан мысалдары көп.

180-ге жуық мемлекеттің 100-ден астамы бір палаталы парламентпен жұмыс істейді. Бұл – қалыпты тәжірибе, – деді профессор.

Сондай-ақ ол 1990-жылдардағы тарихи тәжірибені мысалға келтірді.

1993 жылы Жоғарғы Кеңес ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешімді ұзақ талқылаған еді. Сол кезде парламенттің ықпалы айқын байқалды. Бүгін де заңнамалық процестерде мәжіліс негізгі рөлді атқара алады, – деді сарапшы.

Ибрагимовтың пікірінше, Сенаттың “фильтр” қызметін болашақта өзге тетіктер алмастырады.

Әлемде бір палаталы парламенттерде заңнамалық процесті сүзгіден өткізетін басқа институттар бар. Біз де сол тәжірибеге сүйене аламыз, – деді ол.

Сонымен қатар профессор қоғамдағы пікірталасқа назар аударды.

Алғашқыда қарапайым азаматтар бұл реформаны түсінбей, “неге өзгертіп жатырсыздар?” деген сұрақтар қойды. Кейін ғалымдар мен сарапшылар түсіндірген соң ғана мәнін ұғына бастады. Сондықтан мұндай өзгерістерді асығыс емес, жан-жақты талқылап, қоғамды толыққанды ақпараттандыру маңызды, – деп айтты Ибрагимов.

Өзгелердің жаңалығы