Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл институт деректері нәтижесінде Қазақстанның отбасы институты дамуындағы негізгі үрдістерді атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда некеге тұру жасының өсуі, баланың тууын кейінге қалдыру және некеге тұру мен ата-ана болуды неғұрлым саналы және ұтымды жоспарлау байқалады.
Қазақстан отбасылары сан жағынан өсуде. Бірақ құрамы жағынан аз және нуклеарлық бола түсуде, - деді Ақнұр Иманқұл SARAP эксперттік клубының “Өзгерістер кезеңіндегі отбасы: әлеуметтік трансформацияға Конституция тұрғысынан жауап” атты отырысындағы баяндамасында.
Сондай-ақ сарапшы қала және ауылда неке қию және ажырасу деңгейі бірдей төмендеп жатқанын айтып, білімді әйелдер арасында ажырасу көбейіп жатқанына тоқталды.
Білімді әйелдер арасында ажырасу үлесінің өсуін ерекше атап өтсек болады. Мұны гендерлік ұстанымдардың өзгерісімен, әйелдердің еңбек нарығына араласуымен және өзінің қабілетін іске асыруды бірінші орынға қоюымен байланыстыруға болады, - деді ол.