Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Дүниежүзілік экономикалық форум Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша рейтингті жариялады. Қазақстан 2018 жылмен салыстырғанда 4 сатыға жоғарылған.
Қазақстан былтырғы жылы бұл рейтингте 59-орында болса, биыл 55-сатыға көтерілген. Рейтингтің алғашқы үштігінде Сингапур, АҚШ, Гонгонг тұр. Осы рейтингке байланысты Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеевтің пікірін білген едік.
"2005 жылдан бері дайындап келе жатыр. Қазақстанда негізі сол жылдардан бері бұл рейтингке қатысады. Осы рейтингтің маңызды тұсы – еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерін білуге болады. Сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, тауарлар нарығы, қаржы жүйесі және инновацияларды дамыту саласына баға береді. Сол себепті үкімет бұл рейтингке көп назар аударады. 30 дамыған елдің қатарына кіру деген үкіметтің алдында мақсат бар ғой. Оның бәрі осы рейтингке байланысты. Ал биылғы рейтингті алып қарайтын болсақ, еліміз 55-орынға көтерілді. Өте жақсы көрсеткіш", - дейді Бақытжан Сәркеев.
Осы ретте сарапшы Қазақстан қандай көрсеткіштерге байланысты 4 сатыға көтерілгеніне тоқталып өтті. Бірақ әлі өзгеріс жоқ салалардың да бар екенін айтты.
"Еңбек нарығы және бизнестің қарқындылығы деген бар. Негізінен осы екі факторға байналысты жоғары өрлегенбіз. Өкінішке қарай, бұрыннан келе жатқан әлсіз тұстарымыз әлі де оңалмаған. Нақтырақ айтсақ, қаржы жүйесі мен денсаулық сақтау саласы. Оның ішінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қарайды. Біздің ел бұл көрсеткіш 62 жасты құрайды. Сондықтан ол жағынан көрсеткішіміз төмендеу болып тұр (85-орын). Одан бөлек, тағы бір айта кететін маңызды инновациялық потенциал. Өйткені, инновация онша дамымаған", - дейді экономист.
Оның айтуынша, жалпы 103 көрсеткіш бар. Соның ішінде жақсарған көрсеткішке қарағанда төмендегендері көбейген.
"Бұл мәселе алаңдатады. Бұған әрине, назар аудару керек. Әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық шешімін тапқан жоқ. Инфлция деңгейі жоғары. Адамдарды қасақана өлтіру азаймай тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз еркіндігі шектеулі. Осылардан артта келе жатырмыз. Оның бәрі рейтингке әсер етеді. Бізді артқа тартып отырған осы жағдайлар", - дейді Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар жөніндегі директоры.
Бақытжан Сәркеев Қазақстанға полиция реформасы қажет деп отыр. Себебі, елде адамдарды қасақана өлтіру деректері азаймай тұр.