Саран қаласында қазандықтың дайын екенін айтып, жалған ақпарат бергендер жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста Қарағанды облысынң әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласындағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады.
Сарандағы жаңа орталық қазандығында 4 қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық төмен қайнаған қабатпен насос жабдығының автоматикасы дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу қайта беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі. Мәселе менің жеке бақылауымда, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Үкімет басшысы жұмысты бүгін аяқтауды тапсырды.
Бірінші кезекте бұл Саран қаласының жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанының дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың бәрі жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан соң Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін өзі тексереді. Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады - деді Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қарағанды облысы қысқа толық дайын екендігін айтқан болатын. Биыл облыстың жылу маусымына дайындығына 118,8 млрд теңге қаржы жұмсалған.
Алайда қаладағы орталықтандырылған жаңа қазандық қысқа дайын болмай шығып, тұрғындар жылусыз қалды.