Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сақтықта қорлық жоқ: дүкендегі өнімді таңдауда неге мән беру керек?

11 Қазан 2025, 16:30
681
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  архив
Фото: Артём Чурсинов архив

Тағам өнімдерін таңдау – жылдың қай мезгілінде болсын өзекті. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева дүкендерден азық-түлік сатып аларда тұтынушыларға бірқатар маңызды кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Температуралық режим — басты назарда

Барлық дайын тағамдар мен аспаздық өнімдер өндіруші затбелгіде көрсеткен белгілі бір температурада сақталуы тиіс. Тоңазытқыш жабдығынан тыс жерде дайын өнімді сақтауға болмайды, – дейді Айгүл Шағалтаева.

Мамандардың айтуынша, температуралық режимнің бұзылуы өнімнің тез бұзылып, улануға себепкер болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, әсіресе жаз айларында дүкен сөрелеріндегі тоңазытқыштардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу керек.

 

Қаптама мен таңбалануға мұқият болыңыз

Өнімнің қаптамасы — тұтынушыға берілетін алғашқы белгі. «Қаптама тұтас, таза және герметикалық болуы керек. Оған таңбалану міндетті түрде болуы шарт. Онда өнімнің атауы, құрамы, сақтау шарттары, шығарылған күні мен уақыты, жарамдылық мерзімі, өндіруші туралы ақпарат және мемлекеттік тілге аудармасы көрсетілуі тиіс, – дейді департамент басшысы.

Кей жағдайда дүкен сөрелерінде ақпарат толық көрсетілмеген, тіпті қазақша аудармасы жоқ өнімдер кездесіп жатады. Бұл — заңбұзушылық.

 

Жарамдылық мерзімі нақты көрсетілуі қажет

Сақтықтың тағы бір жолы — өнімнің жарамдылық мерзіміне қарау. «Қаптамада тек дайындалған күні ғана емес, өндіріс уақыты да нақты көрсетілуі керек. Мерзімі өтіп кеткен немесе жарамдылық мерзімі мүлдем белгісіз өнім денсаулыққа қауіп төндіреді, – деп ескертеді Шағалтаева.

Жарамдылық мерзімін өзгертіп қайта жапсыру — азық-түлік саласындағы ең қауіпті алдау тәсілдерінің бірі. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін тұтынушылар қырағы болуы тиіс.

 

Құжаттарды талап етуге толық құқығыңыз бар

Сатылатын барлық дүкендер мен сату нысандарында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар — сертификаттар, сәйкестік туралы декларациялар, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, ветеринариялық құжаттар болуы тиіс, – дейді ведомство өкілі.

Демек, әрбір сатып алушы өз құқығын біліп, сатушыдан өнімге қатысты тиісті құжаттарды талап етуге құқылы. Бұл әсіресе тез бұзылатын тағам түрлері мен дайын аспаздық өнімдерге қатысты маңызды.

 

Азық-түлік емес тауарларға да сақтық қажет

Тұтынушылар тек тағам емес, басқа да тауарларды аларда сақ болуға тиіс. Айгүл Шағалтаева атап өткендей: 

Балалар мен жасөспірімдерге арналған ойыншықтарда жас ерекшелігі, бояудың тұрақтылығы, өткір иісінің болмауы ескерілуі керек. Жеңіл өнеркәсіп тауарларында өнімнің қандай материалдардан жасалғанына назар аударған жөн.

Өкінішке қарай, базарларда немесе ретсіз сауда орындарында сапасыз, қауіпсіздігі тексерілмеген ойыншықтар мен киімдер жиі кездеседі. Олар аллергия, тері аурулары сияқты жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін.

Қорытындылай келе, дүкенде кез келген өнімді аларда тек баға мен сыртқы келбетіне қарап шешім қабылдауға болмайды. Қауіпсіздік пен сапа — бірінші орында. Мамандардың кеңесіне құлақ асып, тұтынушы ретіндегі құқығыңызды біліп жүрсеңіз, денсаулыққа төнетін қатердің алдын аласыз.

Тексеру — талап емес, тұтынушының құқығы. Ал сапалы өмір — әр азаматтың басты құндылығы.

Өзгелердің жаңалығы