Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сапасыз оқулықтарға тосқауыл: Министрлік жаңа талап енгізді

Бүгiн, 13:03
169
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) дайындау, сараптау және мониторингтеу жүйесі жаңартылды. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы негізінде жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Былтыр ақпан айында орта білім беруді дамыту мен оның сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтар мен ОӘК-ні дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторингтеу және басып шығару қағидаларына өзгерістер енгізу тапсырылған.

Атап айтқанда, өзгерістерде уәкілетті органның жекелеген баспаларға сұрау салмай-ақ тақырыптық жоспарды бекітуі, бұл жоспарды міндетті түрде жариялау, авторлық ұжым құрамына тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі бар кемінде 3 білікті маманды енгізу талабы қарастырылған. Сондай-ақ оқулықтарға сараптамалық бағалау жүргізудің нақты өлшемшарттарын белгілеу және оқулықтарды 5 жыл сайын жаңарту талабын сақтау үшін сапаны мониторингтеу тәсілдерін жетілдіру көзделген, - делінген ЖАП хабарламасында.

Нәтижесінде бұл өзгерістер Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілді. Жаңартылған нормалар тақырыптық жоспарды қалыптастыру тәртібін, авторлық ұжымға қойылатын талаптарды және сараптамалық бағалау өлшемшарттарын нақты регламенттейді. 

Сонымен қатар оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу рәсімдері де айқындалды.

Енді тақырыптық жоспар автоматты түрде қалыптастырылады. Ол үшін баспалар мен әзірлеушілер Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz интернет-ресурсы арқылы өтінім береді.

Оқулықтар мен электрондық оқулықтарды дайындау ісімен құрамында арнайы оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтер бар авторлық ұжымдар немесе баспалар айналысады.

Бұған қоса, министрлікке мектеп кітапханалары қорын есепке алу және бақылау, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК-ні сараптамаға қабылдау процестерін автоматтандыру тапсырылды.

Негізгі процестерді автоматтандыру мен нормативтік базаны жаңарту оқулықтар мен ілеспе материалдардың сапасын арттыруға, субъективті шешімдер мен қателікке жол беру тәуекелдерін азайтуға және олардың уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін 2026 жылдан бастап оқушылар қандай оқулықпен оқитыны жайлы жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы