Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент “бюджеттің тиімділігі қаржыны қанша игергенде емес, оны қалай және не үшін жұмсағанда көрінуі тиіс” деп айтты. Сенатор Нұртөре Жүсіп Қ.Тоқаев фискалдық саясаттағы басты мәселені ашық айтты деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан қазынасы оңды-солды шаша беретін жағдайда болмауы қажет. Бюджетті жоспарлау ісі жіті қадағалануы керек. Бізде осы жоспарлау мен орындауға көңіл жеткілікті түрде бөліне бермейді. Соның салдарынан болмайтын бағдарламаларға миллиардтаған қаржы жұмсалып жатады. Мәселен, “ойбай, кластер құрамыз” деп сұраусыз қаржылар кетті. Одан кейін “индустриялды-инновациялық даму” деген желеумен тағы қаншама бюджет қаржысы жұмсалды, - деп сынады сенатор.
Нұртөре Жүсіп ол жобалардың нәтижесі мен қайтарымы туралы “есеп берген үкімет жоқ” екенін жеткізді. Сенатор Президент осыны ескеріп, мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін барлық бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарауды тапсырғанын айтты.
Бюджетті тек “игеріп үлгеру” үшін ғана қаржы бөлу деген қағида орныққан. Үкімет пен әкімдер көбіне қаражат игерілмей қалады деген қорқынышпен сапасы күмәнді жобаларды қаржыландыратынын көріп жүрміз. Мемлекет басшысы осы ретте “әркім өз білгенін жасауды қою керек” деп қатаң ескерту жасады. Өте дұрыс! – деді Сенат депутаты.
Ол бұдан былай бюджеттің әр тиыны үшін нақты сұрау болады деп санайды. Себебі Мемлекет басшысы аталған әрекеттер мемлекет мүддесіне қасақана қарсы қадам ретінде бағаланатынын ашық ескертті.
Үкіметке арнайы мерзім ішінде бюджет бағдарламаларына толық ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылды. Бұл талап квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Тағы бір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы цифрлық теңгенің маңызын тағы да атап өтті. Қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқанын халық нақты көруі тиіс деген талап қойылды. Бір сөзбен айтқанда, Үкіметке орынды талап қойылды. Бұл - аса маңызды! – деп қорытындылады Нұртөре Жүсіп.