Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараздағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру мәселесі – әлі күнге күн тәртібінде. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Ол бойынша өткен жылы менің тапсырмама сәйкес арнайы жұмысшы тобы құрылып, оларға нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, тапсырмалар ойдағыдай орындалмаған. Арықтар мен каналдарды тазалау, латоктарды ауыстыру мен жөндеу жұмыстары көңіл көншітпейді. Әсіресе, бүгінгідей жаздың ыстық күнінде арықтардан судың ағып тұруы аса маңызды. Бұл тек халық талабы ғана емес, шаһардағы ылғал мен ауа тазалығы, жасыл желектің, көшеттердің тұрақты сумен қамтылуы да осыған байланысты - деді өңір басшысы.
Ол қарастырылған қаржы көлемі де аз емес, жауапты мемлекеттік органдар мен құрылымдар оны тиімді игеріп, өзара үйлесімді әрекет ету тиіс екенін айтты.
Жұмысты жүйелендіріп, сылбырлыққа салмай, қаладағы көшелерге су жіберу керек. Құрылған жұмысшы тобының қызметін жандандыру – аса маңызды. Сондай-ақ, каналдар мен арықтардың үстінен заңсыз салынған нысандар да өзекті мәселеге айналып отыр. Оларға заңнама талаптарына сәйкес шара қолдану үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктедім. Біз ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру арқылы Тараздың «жасыл қала» атағын сақтап қала аламыз - деді Бердібек Сапарбаев.