Бибігүл Жексенбай инвестиция тартуға баса назар аудару маңыздылығы туралы айтты. Оның сөзінше, инвестициялар жаңа жұмыс орындарына, жаңа технологиялық мүмкіндіктерге, өмір сапасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның жерасты қазба байлықтарына ғана емес, ауыл шаруашылығына өнімін көбейту, туризм саласына да қызығушылығы жоғары деп ойлаймын. Бірақ, Мемлекет басшысы айтқандай, түрлі деңгейдегі мемлекеттік билік өкілдерінің бюрократиялық кедергілері немесе жауапкершілік алуда құлықсыздығы елге инвестиция тартуға кері әсер беріп отыр. Үкіметке сапалы инвестиция тартуды күшейту керек деді ел Президенті. Дегенмен бұл тапсырманы тек Үкімет ғана емес, барлық деңгейдегі әкімдер қолға алып, инвесторлар билік өкілдерін емес, керісінше, олар инвесторларды іздеп, өз өңір, аудан, ауылына инвестиция тартатын болғанда, жағдай айтарлықтай өзгереді деп ойлаймын. Өйткені, қай өңірдің қандай мүмкіндіктері бар екенін жергілікті билік жіті зерттеп, қажет қаражаттты тек бюджеттен емес, инвесторлар арқылы да шеше бастауға мүмкіндік болар еді. Президент, "Қазір бюджет тапшылығы бар екені белгілі. Сондықтан жоғары технологияға негізделген сапалы инвестицияны тарту үшін инвесторларға қосымша жеңілдіктер беруді қарастыру қажеттігін" айтты. Бастысы, инвесторлардың ел заңнамасы шеңберінде жұмыс істеп, салық төлеу, экология мәселелерін ұмытпау керек, - деді ол.
Ол қолдан жасалған кедергілерге келген инвесторлар құжаттарын рәсімдеуді созып, ақпарат ашықтығын қамтамасыз етпеу, жөн жосықсыз тексерулер тб мәселелерді атады.
Мемлекет басшысының әрбір өңір әкімдерінің, үкімет мүшелерінің жұмысы нақты халықтың әл-ауқатымен, экономикалық жетістіктерге байланысты бағаланады деген тұсы да көпшілік көңілінен шығады деп ойлаймын. Рейтинг тек нақты жасалған жұмыс, инфрақұрылымдық оң өзгерістер, өндіріс орындары, шағын-орта бизнес саны, халықтың әл ауқаты, әр өңірдің жалпы экономикалық өсім арқылы бағалануы дұрыс. Ел Президенті айтқан талаптар толыққанды орындалса, инвесторлар мемлекеттік басқарудағы адамдарды емес, керісінше, олар инвесторларды іздейтін болса, олардың мәселелерін шешуге тырысып, заң шеңберінде барлығы ашық жүргізілетін болса, өңірлердің экономикалық тұрғыдан дамуына мүмкіндік ашылады, - деді ол.
Сенатор тек қана шетелдік инвесторларды қарастырмай, отандық инвесторлардың да қызығушылығы арттыратындай мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігі барын айтты.
Яғни қаражаты бар, инвестиция құйғысы келетін адамның аяғын тоздырып, әр кабинеттің есігін бағып жүрмей, электронды түрде, цифрландырылған жаңа жүйелерді пайдаланып, ақпаратты толық ала алуының өзі үлкен мүмкіндік деп ойлаймын, - деді Бибігүл Жексенбай.
Осы орайда сенатор ақпараттың ашықтығы қажет екенін тағы бір атап өтті.
Ақпараттың барлығы сайттарда толыққанды болуы керек. Қандай деңгейдегі инвестор, кімдер келіп, кімдер кетіп жатыр. Мұны қоғам біліп отырса, инвесторларға деген сенім күшейер еді, - деді сенатор.