Сапалы білім – Саналы ұрпақ – Табысты ұлт. Маман үштік тізбектің маңызын түсіндірді

2 Қазан 2023, 11:18
6474
Бөлісу:
Сапалы білім – Саналы ұрпақ – Табысты ұлт. Маман үштік тізбектің маңызын түсіндірді

Сапалы білім – Саналы ұрпақ – Табысты ұлт. Бұл үшеуін бір-бірінен ажыратып қарауға болмас. Қоғамда «ұстаз-оқушы-маман-ұстаз» төрттігі қалай бір-бірінен ажырағысыз болса, сапалы білім алған, саналы ұрпақтың табысты ұлт құрауы да дәл сондай ажырамас ақыл тізбегі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы «Оқушылар үйі» КМҚК «Дебат» үйірмесінің жетекшісі Жадыра Қуанышева осы үштікті тарқатып көрді. 

Ол дәлелді, дәйекті алыстан іздемей-ақ, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында келтірілген мәліметтер арқылы тұжырымды тарқатты.

Әуелі сапалы білімге тоқталайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында біз тілге тиек етер үштік өте сәтті әрі өте түсінікті тарқатылған деуге болады.

Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Ұрпаққа сапалы білім берудің негізгі тетігін мұнан ары түсіндіріп айту артық болса керек. Мысалы мен өзім аудандық деңгейдегі білім саласында жұмыс істеймін. Ұзақ жылғы тәжірибемде білім саласындағы жосықсыз реформалардың құрбаны болған оқушылар аз емес. Сол себепті сапа – әрқашан тұрақтылықпен келетінін түсінетін уақыт жетті деп ойлаймын. Ел бойынша жүзеге асатын бір стандарт-жүйені бекітіп, тым құрығанда бір буын мектеп бітіріп шыққанша, сол стандартпен тұрақты жұмыс істер болсақ, сапаға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Енді саналы ұрпаққа келейік.

Бұл жайлы да Мемлекет басшысы өз Жолдауында нақты атап өтті.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе – деді Президент.

Иә, «ел болашағы – бүгінгі жастар» дегенді жиі айтамыз. Ал сол жастардың санасы уланбай, жігері мұқалмай жетілуі баршамыздың мойнымыздағы міндет. Бұл тұрғыда әрбір жасты «сенің балаң, менің балам» демей, білікті, көргенді, сапалы етіп тәрбиелеу басты қағида болуы керек деп ойлаймын.

Осы орайда бала тәрбиесіне қатысты бір мысал ойыма оралып отыр. Ақбөкендер ұрпақ өсіру үшін немесе құралайын емізу үшін оларды бөле-жарып қарамайды. Жолында кездескен құралайды емізіп кете береді. Ұрпақ тәрбиесінде біз осы қағиданы ұстансақ қана ұтамыз. Яғни, жоғарыда атап өткенімдей, бала тәрбиесінде «сенің балаң, менің балам» деген түсінік болмауы керек. Қоғамға, ұлтқа, елге қызмет етер кез келген баланы азамат етіп тәрбиелеу бүкіл ересек азаматтың міндеті, отан алдындағы борышының бірі болуы керек.

Келесі кезек табысты ұлт түйініне тоқталайық.

Бұл түйіннің шешуі жоғарыда аталған екі түйінге – яғни саналы ұрпаққа берілген сапалы білімге тікелей қатысты. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының өзі осы табысты ұлт болудың төңірегіне ұйысты. Тақырыбының өзі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталған Жолдау бастан-аяқ ел экономикасын көтеру тетіктеріне жеке-жеке тоқталуымен ерекшеленеді.

Саналы ұрпақ тәрбиелеп, оған сапалы білім беру – табысты ұлт болудың бірден-бір кілті. Ал табысты ұлт әрқашан саналы ұрпақ тәрбиелеп, оған сапалы білім бере алады. Олай болса, біз ұсынып отырған үштік тізбегін үзбей, кез келген ата-ана саналы ұрпақ өсіруге, кез келген қоғам сапалы білім беруге жұмыла жұмыс істеуі керек.

Жадыра Қуанышева

Өзгелердің жаңалығы