Сапалы ауызсуға жарымаған ауыл. Мәселе қашан шешіледі

16 Шілде 2024, 17:27
403
Бөлісу:
Сапалы ауызсуға жарымаған ауыл. Мәселе қашан шешіледі
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Павлодар облысының іргесіндегі Жетекші ауылының тұрғындары сапалы ауызсуға жарымай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе 30 жыл бойы шешімін таппай келеді. Оған қоса, қолданыстағы ауызсудың сапасы сын көтермейді.

Ауылдағы жалғыз су мұнарасынан келетін су нашар. Іше алмаймыз. Павлодардан су тасудан әбден шаршадық. Әрине, үйде су бар. Бірақ, сапасы үшін қорқамыз. Ішпес бұрын қайнатып, сүзгіден өткізіп отыруға мәжбүрмыз. Елді мекенді тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін құрал-жабдықтар істен шыға береді. Шыдамымыз тайсылды, - дейді Жетекші ауылының тұрғындары.

Ауылда осыдан сегіз жыл бұрын су жүйесін қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылған. Кейін жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Ал мердігер компания бес жыл бойы жоспарлы жұмысты атқармай келеді. Атқарушы билік өкілдерінің хабарлауынша, проблема шілде айында шешіледі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқаруы Күлбаршын Арынованың айтуынша, елді мекендегі ескі су құбырындағы апат салдарынан ауылдың екінші бөлігі сусыз қалды.

Мердігер ұйым келісімшарт бойынша міндеттерін орындаған жоқ. Су құбырын тарту жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Бірақ, жоба сақалды құрылысқа айналды. Салдарынан қаражат мемлекетке қайтарылды. Ал бір жыл бұрын қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба қайта жанданады. Мердігер ұйым өкілдеріне қатысты жағдай сотта қаралды, - дейді Күлбаршын Арынова.

Айта кетейік, Жетекші ауылын электр энергиясымен қамтуда да мәселе бар. Бұл проблема электр энергиясымен қамтушы ұйым мен жергілікті билікпен бірге шешімін таппақ. Қазіргі уақытта инфрақұрылымды жаңғырту жобасы әзірленуде.

Өзгелердің жаңалығы