Бүгінде Транскаспий бағытын дамыту Қазақстанның энергетикалық күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Еуропаның Каспий мұнайы мен газына қызығушылығының артуы, сондай-ақ Ресей инфрақұрылымына бағытталған санкциялық қысым жағдайында экспорттық бағыттарды әртараптандыру мәселесі айрықша саяси-экономикалық мәнге ие болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алайда саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық байланыстың “үзілгені” туралы әңгімелер – тек алыпқашпа әңгіме ғана.
Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, Транскаспий бағытын дамыту Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарға еш әсер етпейді.
Барлық пікірталас бұл бағыттар тек салынып жатқан немесе талқыланып жатқан кезде өзекті болды. Қазір инфрақұрылым дайын, сондықтан бұл мәселе екінші қатарға ығысты, - дейді сарапшы.
Саясаттанушы атап өткендей, Қазақстан әлі де мұнайдың негізгі бөлігін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорттап отыр. Ал Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты әзірге қосымша, бәсекелес емес маршрут болып саналады.
КҚК құрылысы кезінде Ресей мұнай өз аумағы арқылы тасымалдануын талап еткені рас. Алайда бүгінде айналма бағыттар Мәскеуде ешқандай тітіркену тудырмайды. Ресей транзиттік ел ретінде жеткізілімдердің тұрақтылығына жауап береді. Егер санкциялар немесе сыртқы саясат кесірінен ол бұл міндетті орындай алмаса – бұл Қазақстанның емес, Ресейдің мәселесі, - деп түсіндірді сарапшы.
Санкциялар және транзиттің жаңа логикасы
Қаражановтың айтуынша, Ресей үшін негізгі тәуекел – Батыс тарапынан енгізілген шектеулер жағдайында транзит тұрақтылығын қамтамасыз ете алмау қаупінде. ЕО-ның бесінші және алтыншы санкциялық пакеттері іс жүзінде Ресей аумағы арқылы өтетін мұнай транзитіне де әсер етті.
Ресей қандай да бір сыртқы саяси шешім қабылдаса, оның салдарын да ескеруі керек. Егер санкция салдарынан жеткізілімдер үзілсе, шағым транзиттік тарапқа, яғни Ресейге түседі. Ал Қазақстан барлық келісімді орындайды және өз кінәсінен туындамаған тәуекелдер үшін жауап бермейді, - деді саясаттанушы.
Сондықтан Қазақстан біртіндеп Әзербайжан арқылы экспорт көлемін арттыруға мәжбүр. Қаражановтың сөзінше, бұл бағыттағы алғашқы жеткізілімдер 2023 жылы 1,4 млн тонна, ал 2024 жылы 1,5 млн тонна болуы тиіс еді, бірақ техникалық себептермен бұл көрсеткішке жете алмады.
Жалпы жылдық өндіру деңгейі 88 млн тонна екенін ескерсек, бұл көлем әзірге аз. Дегенмен бұл бағыт стратегиялық резерв ретінде өте маңызды. Мұнда "Ресейден айналып өту" туралы әңгіме жоқ. Бұл – тәуекелдерді сақтандыру шарасы, саясат емес, - деп атап өтті сарапшы.
Басымдық – Қазақстан мүдделерінде
Қаражановтың пікірінше, Қазақстан энергетикалық саясатты егемендік қағидаты негізінде жүргізіп отыр. Барлық сыртқы экономикалық шешімдер ең алдымен ұлттық мүдделерге – көлік, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне сай болуы тиіс.
Бірінші орында – Қазақстанның мүддесі. Бірақ бұл өзге елдерге зиян келтіреміз деген сөз емес. Біз қол қойылған барлық келісімді орындаймыз, артық міндеттемелер алмаймыз және серіктестік қатынастарды бұзбаймыз. Тек шешімдерді өз басымдығымызға сүйеніп қабылдаймыз, - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бұл ұстаным елдің сыртқы саясатының жаңа кезеңін білдіреді. Мұнда идеологияның орнын прагматизм басқан. Қазақстан экономикалық дербестігін нығайтуды көздейді, бірақ қолданыстағы одақтарды бұзбайды.
Өңірлік байланыстың қауіпсіздік факторы ретінде маңызы
Сарапшы Орталық Азиядағы көлік байланысының маңыздылығына да тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан көршілерімен бәсекелес емес, керісінше ортақ инфрақұрылымды дамытуға мүдделі.
Орталық Азия – темір жол мен автожол тығыздығы төмен аймақ. Біз көршілерге қатты тәуелдіміз, сондықтан Ресей, Қытай немесе Әзербайжандағы кез келген оқиға бізге әсер етеді. Осы себепті Қазақстан өңірлік байланысты күшейтетін жобаларды – Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы немесе Пәкістан порттарына шығатын бағыттарды қолдайды, - дейді Қаражанов.
Мұндай тәсіл, сарапшының пікірінше, оқшаулану қаупін азайтып, экономикалық тұрақтылықты арттырады.
Энергетикалық егемендіктің жаңа көкжиектері
Қаражановтың айтуынша, әртараптандыру тек мұнай мен газ саласына ғана қатысты емес. Қазақстан қазір жаңа инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуда: Каспий теңізі арқылы жоғары вольтты электр желісін тарту, Азия мен Еуропаны байланыстыратын талшықты-оптикалық кабель салу, сондай-ақ спутниктік байланыс технологияларын енгізу.
Біз бір ғана құбырға немесе жолға тәуелді болмай, барған сайын дербес әрі тәуелсіз елге айналып келеміз. Тіпті спутниктік байланыс пен Starlink сияқты жобалардың дамуы Қазақстанның тек тасымал бағыттарын ғана емес, коммуникациялық арналарды да әртараптандырып жатқанын көрсетеді. Бұл – егемендікті тікелей күшейту, - дейді саясаттанушы.
Қорытындылай келе, Транскаспий бағытының дамуы Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, Қазақстан прагматикалық серіктестікке дайын екенін, сонымен қатар өзінің энергетикалық және көлік тәуелсіздігін нығайтып жатқанын көрсетеді.