Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов Алматы қаласынының әкімшілігін қорғау барысында қаза тапқан 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Қайыровтың жұбайына ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғаудағы жасаған ерлігі үшін подполковник Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров (марқұм) ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Сәндібек Ғалимоллаұлы қызметтің барлық сатысынан өткен, білікті жұмыс атқарған офицер болатын. Ол еш қиындыққа қарамай, өмірінің соңғы сәтіне дейін әскери борышына адал болды. Сәндібек Ғалимоллаұлы өзінің барлық әріптестерінің, достары мен жақындарының есінде мәңгі сақталып, болашақ Отан қорғаушылар үшін үлгі болып қала бермек, – деді генерал-майор Талғат Қойбақов.
Десанттық-шабуылдау әскерлері мен әскери бөлімнің жеке құрамы офицерді бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров Құрлық әскерлері Әскери институты мен Ұлттық қорғаныс университетін тәмәмдаған. Қарулы Күштерде взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымдарына дейін қызмет атқарған.
Сәндібек Ғалимоллаұлы кәсіби білікті офицер, адал және лайықты командир, сенімді жауынгер және шынайы дос ретінде үлгі бола білді.
Саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған офицер, өз елінің патриоты подполковник Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров туралы жарқын естеліктер Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің жадында мәңгі сақталып қала бермек.