Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Қазір егемендігімізді сақтап, мемлекеттің болашағын ойлайтын азаматтар бірігіп, жұмыс жасайтын кезең. «Nur Otan» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова еліміздің бас қаласының үздік тұстарын тізіп берді.
«Біз қазір тарихи кезеңді бастан кешіріп отырмыз, ел тарихында тұңғыш рет бүкіл халық сайлаған Президент өкілеттігін өз еркімен тоқтатты. Бұл кезең біз үшін үлкен сынақ. Қазір елдігімізді, егемендігімізді сақтап қалуды, мемлекетіміздің болашағын ойлайтын азаматтардың бірігіп, бас қосып жұмыс істейтін кезеңі. Соңғы уақытта Астанамыздың атауын өзгерту жөнінде көптеген ой-пікір айтылып жатыр. Мен де осыған байланысты өз ойымды айтайын. Астана – әр қазақ үшін еліміздің бас қаласы ғана емес, бұл сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздігіміздің берік тұғыры. Астана - еліміздің егемендігін мәңгі сақтап қалу үшін жасалған үлкен жоба. Бұл жоба жүзеге асты, жемісін берді. Қараңызшы, дүниеде қанша ел болса, сонша елдің бас қаласы бар, бірақ солардың барлығы Астанадай әйгілі ме? Астана Елбасымыздың қажымас қайрат, риясыз еңбегінің арқасында дүниежүзі мемлекеттері бас қосқан саяси орталыққа айналды», - деді «Nur Otan» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова.
Елімізде өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің, Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіруші елдердің көшбасшыларының бас қосуы және бірлесе қабылдаған шешімдері бұған дәлел. Осылай деген, Тамара Дүйсенова Астананы «жаңа технологияларды енгізу алаңы» деп атады.
«Астана – барлық мәдениеттер үшін ашық алаң. Дүниежүзінде бірінші рет әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі Елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Еліміздің бітімгершілік, толеранттық және жасампаздық идеялары діни ғұламалардың, саясаткерлердің, сарапшылардың зор ризашылығын білдіріп отыр. Үшіншіден, Астана тек түркі тілдес мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге бүтін мұсылман елдері көшбасшыларының бас қосып алқа өткізетін орнына айналды. Бұған мысал ретінде Ислам мемлекеттері өкілдерінің конференциясын, Ислам қаржыландыру принциптерін енгізу практикаларын айтуға болады. Одан басқа, бас қаламызды «жаңа технологияларды енгізу алаңы» немесе «Қазақстанның силикон алқабы (Силиконовая долина)» деуге болады. Құрылыстағы жаңа архитектура, денсаулық саласындағы кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология салаларының дамуы, білімде интеллектуалды мектептер мен университеттің ашылуы, мәдениетте Астана Опера, Астана Балет театрларының ашылуы және тағы басқалары. Айта кетерлік жайт, бұл Астанада басталып, өңірлерге кеңінен қолданылып жатыр. Бір ғана мысал, осыдан 10 жыл бұрын жүрекке стенд салу, ота жасау бізде болған жоқ, қазір облыс орталықтарында бұл операциялар жасалуда. Қанша азамат өз өмірін жалғастыруға мүмкіндік алуда», - деді Тамара Дүйсенова.
Бүгін ғана Нұр-Сұлтан деп аталған елордамыз жастардың да қаласы. Мыңдаған жас еліміздің әр өңірінен арман қуып келіп жатыр.
«Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген мақал бар. Еліміздің келешегі бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан, Астанаға жас мамандарды тарту, оларды білімнің інжу-маржандарымен сусындандыру бұл ел болашағын ойлау. Осы жетістігіміздің барлығы – Елбасының арқасы. Тарих қоғамның дамуында көшбасшы рөлінің ерекше екенін дәлелдеп келді. Олай болса, біз осындай Ұлы көшбасшылардың барлығын мақтан тұтуымыз керек. Халықтың ұлылығы, Виктор Гюго айтқандай, тек оның еңбегінде, күресінде немесе мәдениетінде ғана емес, халқының ұлылығын дәлелдеген және бүкіл әлемге паш еткен ұлдарын тани білгенде және құрмет тұтуында. Сондықтан, Астанаға Тұңғыш Президент атын беру – бұл біз үшін де, алдағы ұрпақтарымыз үшін де үлкен мақтаныш болуы тиіс», - деді «Nur Otan» партиясының Хатшысы.