2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда кикшеринг компаниялары мен электросамокат пайдаланушыларына қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.
Енді самокаттарды жалға беретін компаниялар:
– самокаттардың техникалық жағдайын бақылап, тұрақты түрде қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге;
– 18 жасқа толмағандарға және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға жалға бермеуге;
– клиенттерге айыппұлдар мен құқықбұзушылық салдары туралы ескертуге;
– орнатылған технологиялар арқылы самокаттардың жылдамдығы мен орналасқан жерін қадағалап, деректерді уәкілетті органдарға беруге;
– шектеу қойылған аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде төмендетуге;
– жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін орындарға тұрақтауға жол бермеуге;
– әрбір самокатқа азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру (АҚЖМС) рәсімдеуге;
– самокаттарды есепке алып, оларға тіркеу нөмірлерін беруге міндетті.
Электросамокаттардың жолдың жүріс бөлігіне шығуына сақтандыру полисі мен нөмірлік белгісі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге және мүлкі бүлінген тұлғаларға келтірілген шығынды өтейді.
Жаңа жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, электросамокаттар веложолақтармен және жол жиегімен қозғала алады, бірақ тротуармен жүруге тыйым салынады. Ерекше жағдай ретінде «ортақ қозғалыс аймақтары» белгіленген жаяу жүргіншілер көшелерінде ғана рұқсат етіледі. Мұндай аумақта жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс және жаяу жүргіншілерге басымдық беріледі.
Пайдаланушыларға қойылатын талаптар да күшейтіледі. Электросамокатты жалға алу үшін қозғалыс қай жолмен жүзеге асырылатынына қарамастан, міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы қажет. Ең төменгі жас – 18 жас.
Сонымен қатар, полиция мәліметінше, 1 шілдеден бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салу жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасы 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі қарауына енгізілген.
Ал кәдімгі велосипедтер мен қуаты шектеулі шағын электр көлік құралдарына тротуармен жүруге қосымша шектеулер енгізілмейді.