Өзбекстанда автожанармай құю стансасында жойқын жарылыс болып, үш адам қаза тапты. Қайғылы оқиға жүк көлігіне жанармай толтыру кезінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарылыс Каттакурған ауданындағы жанармай құю бекетінде болған. Оқиға орнында екі адам сол сәтте көз жұмған. Kun.uz мәліметінше, үшінші адамның өмірі үшін дәрігерлер бірнеше күн күрескенімен, ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
ЗИЛ жүк көлігіне дизель толтыру кезінде көлемі 10 текше метр болатын резервуарларда тұтану болған, – деп жазылған полиция таратқан хабарламада.
Оқиға салдарынан жанармай құю стансасының басшысы, оператор және жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Облыстық ІІБ баспасөз хатшысы Хамидулла Сагдуллаевтың айтуынша, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 259-бабының 2-бөлігі ("Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.