Ресей аумағында қазақстандық азаматтардың қатысуымен болған ЖКО туралы хабардан кейін оқиға орнына шұғыл түрде 6 жедел жәрдем бригадасы жолға шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жол апаты «Самара — Большая Черниговка» тас жолында (РФ Самара облысы) болған. Көлік апатынан Қазақстанның алты азаматы, оның ішінде екі бала зардап шеккен. Бүгінде олар 6 санитариялық автокөліктің көмегімен Орал медициналық мекемелеріне тасымалданды. Тағы бір зардап шеккен қазақстандықты ТЖ департаментінің бригадасы жеткізді.
Зақымдар мен жарақаттардың ауырлығын ескере отырып, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін бригадалардың құрамында балалар мен ересектер травматологтары, хирургтар, нейрохирург, реаниматолог, 6 фельдшер болды.
Апаттан зардап шеккендерде мидың шайқалуы, аяқ-қолдардың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, көгеру, гематома және орташа ауырлық дәрежесіндегі көптеген жарақаттар тіркелді. Бүгін таңертең зардап шеккен 5 ересек адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасына, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына емдеуге жатқызылды, онда оларға медициналық көмектің толық көлемі көрсетіледі. Бригадалардың тасымалдауы барысында пациенттердің жай-күйінің нашарлауына жол берілген жоқ, — делінген министрлік хабарламасында.