ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Павлодар облысының бизнес-қауымдастығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында салық заңнамасына жақын арада енгізу жоспарланып отырған негізгі өзгерістер таныстырылды.
Оның айтуынша, реформаны іске асыру кезінде еліміздің бюджетіне салық түсімдерінің жыл сайын 4-5 трлн теңгеге өсуі күтілуде. Негізгі жаңалықтардың бірі табысы жылына 15 млн теңгеге дейінгі жеке тұлғалар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу мүмкіндігі.
Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көптеген санатына – курьерлерге, такси жүргізушілеріне және қолөнершілерге – агрегатор операторларының платформалық жұмыспен қамтылуын қажетсіз бюрократиялық рәсімдерсіз пайдалануға мүмкіндік береді.
![Салық реформасы Павлодар облысындағы бизнес өкілдерімен кездесуде талқыланды](/userfiles/images/b0867a00-f421-42b6-94c8-b1cfd8ae9e16.jpg)
Бұл режимде төрт пайызды алып қою көзделуде: екеуі – зейнетақы жарналары, біреуі – медициналық сақтандыру, бір пайызы – әлеуметтік аударымдар,— деп түсіндірді Ержан Біржанов.
Бұрын бір пайызы жеке табыс салығына кеткен, бірақ қазір бұл ақша өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда болашақ зейнетақы және әлеуметтік жинақ ретінде қалады. Табыс шегінен асқан жағдайда кәсіпкер ҚҚС төлеуші мәртебесіне ауысуға міндетті болады. Сонымен қатар вице-министр салық жүктемесінің артуына байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы алаңдатып отырған тақырыпты қозғады. Ол ауылшаруашылық өнімдеріне салық салынбайтынына, ал бөлшек сауда салығы қолданыстағы күйінде қалатынына сендірді.
Сондай-ақ Қаржы министрлігі тиімсіз салық жеңілдіктерін қысқартуды, табысы жоғары қазақстандықтар үшін жеке табыс салығы бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізуді қарастыруда.
Үкіметте бюджет кірісін ұлғайту үшін ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру талқылануда, бұл Ұлттық қордың тұрақты жағдайын сақтауға және мемлекеттік басым жобаларды: инвесторларды несиелендіру, АӨК институттарын дамыту, ел қорғанысына, ТКШ жаңғыртуға, жылу энергетикалық және газ тасымалдау жүйелерін дамытуға, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау және су бұру шығындарын жабуды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
![Салық реформасы Павлодар облысындағы бизнес өкілдерімен кездесуде талқыланды](/userfiles/images/d33b8718-55f5-4ffb-bab2-6748ee4936b2.jpg)
Соңғы бірнеше жылда біз Ұлттық қордан қаражат алдық, дегенмен оның басты міндеті – болашаққа салынған инвестиция, — деп түсіндірді Ержан Біржанов.
Салық реформаларын ұсына отырып, Үкімет еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін бизнесті қолдау мен бюджеттік кірісті ұлғайту арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ниетті.
Вице-министрмен кездесуде жергілікті кәсіпкерлер сауалдарын қойып, бастамаларды одан әрі пысықтау кезінде қаралатын өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алды.