Салық реформасы: Маңғыстау кәсіпкерлері Үкіметке ұсыныстарын айтты

Кеше, 18:30
188
Бөлісу:
Салық реформасы: Маңғыстау кәсіпкерлері Үкіметке ұсыныстарын айтты
Фото: primeministr.kz

ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен ҚР қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Ақтау қаласында бизнес-қоғамдастықпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

200-ге жуық кәсіпкер қатысқан кездесу барысында жаңа Салық кодексі және оның бизнеске әсері талқыланды.

ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков өз сөзінде Үкімет азық-түлік, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін микро және шағын бизнесті ҚҚС төлеуден толық босату мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.

ҚР мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов қосылған құн салығы бюджетті толтырудың негізгі көздерінің бірі болып саналатынына тоқталды. Бірақ салық салу саласындағы реформа кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы халықтың мүддесін қозғайтындықтан, талқылаулар бизнес-сарапшылардың қатысуымен ашық түрде өткізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты барлық өңірде бизнес өкілдерімен кездесулер өтіт жатыр. Үкімет Сіздердің нақты ұсыныстарыңызды мұқият талдап, алдағы уақытта Парламентке ұсынады, - деді Жәнібек Нұржанов.

Салық реформасы: Маңғыстау кәсіпкерлері Үкіметке ұсыныстарын айтты

Маңғыстаулық кәсіпкерлер қоғамда белсенді талқыланып жатқан қосылған құн салығы туралы пікір білдірді.

ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі шағын бизнеске әсер етуі мүмкін. Табысы жоғары және ҚҚС төлемейтін экономиканың ірі секторларына сараланған салық салуды ұсынамыз, - деді Өңірлік кеңестің төрағасы Жалғас Мырзағалиев.

Салық реформасы: Маңғыстау кәсіпкерлері Үкіметке ұсыныстарын айтты

Сондай-ақ ол ойын бизнесі әсіресе жоғары кірісі бар сала екенін атап өтті. Аталған бизнес түріне де салық салу әділ қадам болады. Бұл бюджетке айтарлықтай кіріс әкелуі мүмкін.

Үкімет өкілдері аймаққа келіп, жаңа Салық кодексін түсіндіріп жатқаны өте орынды. Біз де өз ұсынысымызды айттық. Бұл жерде кәсіпкерлер мен Үкімет өз ұстанымдарын білдіретін пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Кәсіпкерлердің пікірін ескеру маңызды. ҚҚС өсімі бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға тиіс. Алайда, егер тұтыну азайып, бизнестің бір бөлігі көлеңкеге кетсе, тиімділік күтілгеннен аз болуы мүмкін, - деп атап өтті "TaxServiceKz" ЖШС директоры Жасұлан Серік.

Кеңес барысында кәсіпкерлер өздерін толғандыратын сұрақтар қойып, салық саясатының әрбір өзгерісі кезінде бизнес өкілдерінің пікірі ескерілуі тиіс екенін қадап айтты. Қорытындылай келе, ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов айтылған барлық ұсыныс-тілектерді қаперге аламыз деп уәде берді.

Өзгелердің жаңалығы