Салық органы қателессе де, шығыны кәсіпкердің мойнында: Бизнес өз ақшасын қалай қорғай алады?

22 Қазан 2026, 17:15
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ коллажы 22 Қазан 2026, 17:15
22 Қазан 2026, 17:15
484
Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Салық төлеушінің жеке кабинетін ашсаңыз, онда заңбұзушылық туралы хабарлама тұр делік. Көрсетілген сома қомақты, мәтіні түсініксіз, ал жауап беру мерзімі өтіп барады. Мұндайда кәсіпкер салық органы шоттарын бұғаттап тастамас үшін есептілікті тез арада түзетуге асығуы мүмкін. Бірақ қателікті салық органының өзі жіберсе ше?

Мұндай жағдайлар қазақстандық кәсіпкерлерге таныс. Заңды талапты қате хабарламадан қалай ажыратуға болады? Ең алдымен нені тексеру керек және қай кезде сотқа жүгінген жөн? Осы сұрақтарға бизнес құқығын қорғау жөніндегі кеңесші, салық сарапшысы Нұртас Телагисов BAQ.KZ-ке берген сұхбатында жауап берді.

Кәсіпкер бір нәрсені есте сақтауы керек: салық органы хабарлама жіберсе, ондағы мәліметтердің бәрі дұрыс деген сөз емес. Қосымша есептелген салық сомаларымен бірден келісе салуға болмайды. Алдымен әрбір санды, есептеуді және салық органының қандай негізге сүйеніп отырғанын мұқият тексеру қажет, – дейді ол.

Хабарлама келді. Алдымен не істеу керек?

Нұртас Телагисовтың айтуынша, барлық хабарламаға ортақ бір ғана жауап жоқ. Кәсіпкердің қолына қандай құжат түскеніне қарай әрекет ету тәртібі де өзгереді.

Ең алдымен, қандай хабарлама келгенін анықтау керек. Мысалы, камералдық бақылау нәтижесінде шегерімдердің негізсіз көбейтілгені немесе кірістің төмен көрсетілгені туралы ескерту жасалуы мүмкін. Бірақ мұның бәрін тексеру қажет. Мен кәсіпкерлерге алдымен салық органының талаптары қандай мәліметтерге негізделгенін және олардың қаншалықты дұрыс екенін анықтауға кеңес беремін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бірінші кезекте хабарламаны мұқият оқып, ондағы мәліметтерді өз есептілігіңізбен салыстыру керек.

Сомаларды, кезеңдерді, талаптың негіздерін, хабарламаның нысанын, лауазымды тұлғалар туралы мәліметтерді, электрондық цифрлық қолтаңбалар мен QR-кодтардың бәрін тексеріңіз. Құжатты мемлекеттік орган жібергенінің өзі онда қате болмайды деген сөз емес, – деп атап өтті Телагисов.

Егер көрсетілген соманың қалай есептелгені түсініксіз болса, оны өз бетіңізше болжаудың қажеті жоқ.

Кейде кәсіпкер хабарламаны ашып, үлкен соманы көреді де, оның қайдан шыққанын түсінбейді. Мұндай жағдайда уәкілетті органға ресми сауал жолдап, есептеудің қалай жүргізілгенін түсіндіруді талап етуге болады. Қандай операциялар есепке алынғанын, қай кезең қамтылғанын және заңбұзушылық бар деген қорытындыға не себеп болғанын көрсетуін сұрау керек, – деп кеңес береді сарапшы.

Алайда жауап беруді созуға болмайды. Есептеуге қатысты түсініктеме сұрап, сауал жолдаудың өзі хабарламаны орындау мерзімін тоқтатпайды.

Салық органы ҚҚС бойынша қалай қателесуі мүмкін?

Нұртас Телагисов 2026 жылғы қыркүйекте болған жағдайды мысалға келтірді. Сол кезде кәсіпкерлерге есепке жатқызылған қосылған құн салығының (ҚҚС) сомасын негізсіз көбейткендері туралы хабарламалар жаппай келе бастаған.

Оның айтуынша, бұл хабарламалардың едәуір бөлігіндегі қорытындылар қате болған.

Қыркүйек айында кәсіпкерлерге ҚҚС бойынша хабарламалар жаппай келді. Салық органы олар есепке жатқызған соманы негізсіз көбейткенін көрсетті. Бірақ жағдайды зерттей бастағанда, көптеген хабарламаның дұрыс емес екені анықталды, – деді ол.

Сарапшы мәселені ҚҚС-ты есепке жатқызуға арналған мәліметтерді қалыптастыру тәртібінің өзгеруімен байланыстырады.

Биыл ҚҚС-ты есепке жатқызу туралы хабарламаларды қалыптастырудың жаңа тәртібі енгізілді. Көптеген салық төлеуші бұл өзгерістен хабарсыз болып, есептілікті бұрынғыдай тапсыруды жалғастырған. Соның салдарынан салық жүйесі шот-фактуралардың бір бөлігін көрмей, кәсіпкер есепке жатқызылатын соманы негізсіз көбейткен деген қорытындыға келген, – деп түсіндірді Телагисов.

Оның сөзінше, салық төлеушілер мұндай хабарламаларға қатысты түсініктеме жолдаған.

Сондықтан хабарламада жазылғанның бәрін бірден дұрыс деп қабылдауға болмайтынын айтып жүрмін. Кейде мәселе кәсіпкердің әрекетінде емес, жүйенің мәліметтерді қалай салыстыратынында болады. Сондықтан сәйкессіздіктің себебін анықтау қажет, – деп атап өтті сарапшы.

Салық органы 234 миллион теңгеге жуық қосымша салық есептеген. Қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Нұртас Телагисовтың тәжірибесінде осы мәселеге қатысты назар аударарлық сот дауы бар.

Компанияға 233,8 миллион теңге көлемінде қосымша салық есептелген. Тексерушілер оның жеткізушілермен жасаған мәмілелерінің бір бөлігін күмәнді деп таныған. Алайда істің материалдарын зерделеу барысында тексерудің өзіне де қатысты сұрақтар туындаған.

Бастапқыда салық органы бес контрагентпен жасалған операцияларды тексеруді жоспарлаған. Бірақ кәсіпкер тексеру актісін алған кезде онда контрагенттер саны 13-ке жеткен. Яғни тексеру ауқымы кеңейтілген, алайда компания бұл туралы тек тексеру аяқталғаннан кейін білген. Сот мұндай кеңейтуді негізсіз деп таныды, – деді сарапшы.

Бұдан бөлек, басқа да заңбұзушылықтар анықталған.

Заң бойынша бұл тексерудің мерзімі 60 жұмыс күнінен аспауға тиіс еді. Алайда іс жүзінде тексеру 110 жұмыс күніне созылған. Яғни белгіленген мерзімнен 50 жұмыс күніне ұзақ жүргізілген. Салық органы мерзімді осынша ұзартуға негіз болған құжаттарды сотқа ұсына алмады, – деп түсіндірді Телагисов.

Құжаттардан да сәйкессіздіктер табылған. Тексеру туралы бұйрықта көрсетілген кезең мен тексеруге берілген нұсқамадағы мерзім бір-біріне сәйкес келмеген. Сонымен қатар тексеруді жүргізген инспектордың аты-жөні компанияға берілген нұсқамада көрсетілмеген.

Кәсіпкердің мүддесін қорғаған кезде біз тек қосымша есептелген салық сомасына ғана назар аудармаймыз. Салық органының тексеруді осындай ауқымда жүргізуге құқығы болды ма, мерзімдерді сақтады ма, құжаттарды дұрыс рәсімдеді ме – осының бәрін тексереміз. Егер тексеру рәсімі бұзылса, бұл оның нәтижелерін жоюға негіз болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

2026 жылғы маусымда Маңғыстау облысының соты тексеру нәтижесі бойынша шығарылған хабарламаның күшін жойған. Телагисовтың айтуынша, 15 қазанда компания апелляциялық сатыда да жеңіске жеткен.

Ал заңбұзушылық жеткізушіден анықталса ше?

Кәсіпкер тауар сатып алды, ақысын төледі, тиісті құжаттарын алды. Арада біраз уақыт өткен соң салық органы жеткізушіде қызметкерлер саны аз екенін, салық жүктемесі төмен екенін немесе есептілігінде заңбұзушылықтар барын хабарлайды.

Мұндай жағдайда тауарды сатып алған кәсіпкер де жауапқа тартылуы мүмкін бе?

Салық органы мәміленің өзіне емес, жеткізушіге қатысты талап қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, оның қызметкерлері немесе негізгі құралдары жоқ, төлейтін салығы аз. Бірақ бұл тауар мүлде жеткізілмеді дегенді білдіре ме? Жоқ. Нақты мәміленің жалған болғанын дәлелдеу қажет, – деп түсіндіреді Телагисов.

Сарапшы қарастырған істе тексерушілер жеткізу тізбегіндегі үшінші деңгейдегі жеткізушілерге дейін барған.

Бір эпизод мұздатқыш камераға қатысты болды. Компанияда оны сатып алғанын растайтын құжаттар болған. Бірақ салық органы тауардың үшінші деңгейдегі жеткізушіге қайдан келгенін түсіндіруді талап еткен. Сот бастапқы құжаттар болған жағдайда компания жеткізу тізбегіне қатысқан әрбір тараптағы тауардың шығу тегін дәлелдеуге міндетті емес екенін көрсетті, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, кәсіпкер өз операцияларының шынайы болғанын растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс.

Егер тауарды шынымен сатып алсаңыз, сатып алу, төлем жасау және тауарды қабылдап алу фактісін растайтын құжаттар болуы керек. Бірақ басқа кәсіпкердің заңбұзушылықтары сіздің мәмілеңізді өздігінен жалған мәмілеге айналдырмайды, – деп түсіндірді Телагисов.

Инспектор күші жойылған құжатқа сүйенген

Сол сот дауы барысында тағы бір қате анықталды. Салық органы өз талаптарының бір бөлігін 2017 жылғы Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына негіздеген. Алайда бұл құжаттың күші 2022 жылы жойылған.

Инспектор тексеру жүргізіп, бірнеше жылдан бері қолданыста жоқ қаулыға сүйеніп отыр деп елестетіп көріңіз. Біздің ісімізде сот мұндай сілтемені ескеруге болмайтынын нақты көрсетті. Сондықтан кәсіпкер заңның немесе қаулының нөмірін ғана емес, оның әлі де қолданыста бар-жоғын тексеруі керек, – дейді Телагисов.

Сарапшының айтуынша, құқықтық негіздердегі қателерді, тексеру мерзімінің асып кетуін және оны жүргізу тәртібінің бұзылуын өзара байланысты түрде бағалау қажет.

Салық органына жауап беруге қанша уақыт беріледі?

Кәсіпкер үшін ең үлкен қауіптің бірі – құжаттарды тексеремін деп жүріп, жауап беру мерзімін өткізіп алу. 2026 жылы жауап беру мерзімі хабарламаның түріне байланысты белгіленеді.

Камералдық бақылау нәтижесі бойынша келген хабарламаны орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Егер салық төлеуші анықталған сәйкессіздіктермен келіспесе, жазбаша түсініктеме ұсына алады.

Ал тауар өткізу, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарламаға жауап беру мерзімі – 10 жұмыс күні.

Салықтық тексеру нәтижесі бойынша берілген хабарламаға қатысты уәкілетті органға шағым түсіру үшін оны алған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.

Кәсіпкерлер көбіне талап етілген сомаға ғана назар аударады. Бірақ бірден жауап беру мерзімін де тексеру керек. Әр хабарламаның өз тәртібі бар. Егер мерзімді өткізіп алсаңыз, өз құқығыңызды қорғау қиындай түсуі мүмкін, – деп түсіндіреді Телагисов.

Егер хабарлама заңда белгіленген тәртіппен орындалмаса, салық органы тиісті жағдайларда банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға немесе электрондық шот-фактураларды жазып беру мүмкіндігін шектеуге құқылы.

Қандай құжаттарды сақтау керек?

Сарапшының айтуынша, кәсіпкер өз мүддесін сот отырысы басталмай тұрып-ақ қорғауға дайындалуы керек. Егер компанияға салықтық тексеру тағайындалса, оны жүргізуге қатысты барлық құжатты сақтау қажет.

Алдын ала шешімді, тыңдау хаттамасын, бұйрықты, тексеру туралы нұсқаманы және тексеру актісін қатар қойып, салыстырыңыз. Салық органы нені тексеруді жоспарлады және іс жүзінде нені тексерді? Егер актіде бастапқы құжаттарда болмаған жаңа контрагенттер пайда болса, мұның себебін анықтау керек, – деп кеңес береді Телагисов.

Ол тексерудің қанша уақытқа созылғанын, соның ішінде оның тоқтатылған және қайта басталған күндерін де жеке тексеруге кеңес береді.

Шаруашылық операцияларының нақты жүргізілгенін растау үшін келісімшарттар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыстар актілері, шот-фактуралар, төлем құжаттары және мәміленің іс жүзінде орындалғанын дәлелдейтін басқа да құжаттар қажет.

Жағдайды тұтастай қарау керек. Егер салық органы операция жалған деп есептесе, мұндай қорытындыға қандай негізде келгенін түсіндіруге тиіс. Ал кәсіпкер өз құжаттарын көрсетуі керек. Даулы жағдайда жорамал емес, нақты деректер маңызды, – дейді сарапшы.

Қай кезде келісіп, қай кезде даулаcу керек?

Телагисов салық органынан келген кез келген хабарламаға міндетті түрде шағым түсіру керек деген пікірде емес. Егер салық сомасы дұрыс есептеліп, заңбұзушылық құжаттармен расталса, қойылған талаптарды орындау қажет.

Алайда құжат мемлекеттік органнан келді екен деп, онымен бірден келісе салуға да болмайды.

Егер бәрі дұрыс әрі нақты жағдайға сәйкес болса, талапты орындау керек. Ал даулауға негіз болса, мен шағым түсіруге кеңес берер едім, – деп түйіндеді Нұртас Телагисов.

Наверх