Салынған тыйымды елемей балық аулағандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

17 Сәуір 2023, 12:32
801
Бөлісу:
Салынған тыйымды елемей балық аулағандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін
Фото: ecoportal.info

Балық аулауға салынған тыйымды бұзғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің табиғатты қорғау полициясының қызметкері Әлішер Жармағамбетов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2022 жылы ішкі істер органы 137 қылмыстық құқық бұзушылықты және 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Биыл 24 ақпаннан бастап 13 наурыз аралығында Ішкі істер министрлігі профилактикалық мақсатта «Браконьер» ЖПІШ өткізді. Іс-шара нәтижелері бойынша табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 3 мыңға жуық фактісі анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесі саласында 2 мыңға жуық, орман шаруашылығы саласында 60, балық ресурстары саласында 500-ге жуық және өзге де бұзушылықтар бар, - деп атап өтті табиғатты қорғау полициясының қызметкері.

Сонымен қатар ол бүгінгі күні балықтар мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу кезеңінде олардың биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында қандай шара атқарылып жатқанын айтты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің аумағында, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, балық аулауға тыйым салуды енгізді. Өз аймағыңыздағы шектеулердің мерзімдері туралы толығырақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтынан біле аласыз. Мүдделі мемлекеттік органдары қызметкерлерінің негізгі назары тыйым салу кезеңінде балық аулау, балықты және балық өнімдерін заңсыз сатып алу немесе өткізу, тасымалдау фактілерін анықтауға және жолын кесуге аударылатын болады, - деді Әлішер Жармағамбетов.

Оның айтуынша, салынған тыйымды бұзғандар айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осы тыйым салуды бұзғаны үшін заңнамада 10-нан 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ішкі істер министрлігі азаматтарды табиғатқа ұқыпты қарауға, балық аулаудың белгіленген қағидаларын сақтауға және заңды бұзбауға шақырады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы