Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың тамыз айында жеке тұлғаларға арналған салық рақымшылығы басталды. Рақымшылық аясында қазақстандықтар өткен жылдардағы салық міндеттемелері бойынша негізгі қарыздарын төлейтін болса, онда оларға өсімақы шегерілетін болады.
Түрлі себеп бойынша кей жеке тұлғаларда біраз қарыз жиналып қалды. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты есептелген көлік салығы немесе жеке табыс салығы бар. Жағдайды қиындата түсетін жайт, Салық кодексіне сәйкес мерзімі өткен салық төлемдері бойынша өсімақы күн сайын артып отырады, - делінген хабарламада.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салық рақымшылығы аясында мемлекеттік кірістер органдары осы уақытқа дейін есептеліп қойған өсімақыны автоматты алып тастайды. Қазірге дейін 549 мыңнан астам азаматтың 2,3 млрд теңге өсімақысы кешірілді. Олар 12,6 млрд теңге берешегін төлеген.
Салық рақымшылығы жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін де жалғасады. Оның аясында салық төлеуші 2018 жылдың 1 қазанына дейін жиналған берешегінің негізгі сомасын толық өтесе, өсімақы мен айыппұл сомалары кешіріледі.
Осы уақытқа дейін еліміздің 43 755 салық төлеушісі салық рақымшылығын пайдаланып, барлығы 15,3 млрд теңге берешек қайтарған. Олар бойынша 5,2 млрд теңге өсімақы мен 0,3 млрд теңге айыппұл кешірілді.
Жыл соңына дейін санаулы күн қалды, сондықтан негізгі қарызыңызды өтеп, салық рақымшылығын пайдаланып қалуға асығыңыз, - деп еске салады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.